Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғам

МАМАНДАР ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ОРТАҒА САЛДЫ

26 маусым – Халықаралық есірткімен күрес күні. Осыған орай, Шымкент қаласының №2 клиникалық ауруханасында Полиция департаменті, ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық, психикалық денсаулық орталығының мамандары нашақорлыққа қарсы күресу жолындағы жетістіктері мен бүгінгі өзекті мәселе жөніндегі ойларын ортаға салды.
Мамандардың айтуынша, жастар арасында синтетикалық заттарға тәуелділік ұлттың болашағына төнген үлкен қауіп.
Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың айтуынша, мұндай қауіптен қорғау үшін ең алдымен ата-аналар балаларына көбірек көңіл бөліп, сырласуы қажет. Отбасында мейірімге қаныққан бала болашағын бұлыңғыр ететін әдеттерден аулақ болады екен.
–Синтетикалық есірткіге тәуелділік алғаш тұтынғаннан-ақ пайда болады. Өкініштісі, есірткі сатушылар өз өнімін өткізу үшін буыны бекімеген, психологиясы жетілмеген жастарды таңдайды. Осы ретте, ата-аналар балаларының жүріс-тұрысына мұқият болуы керек. Өйткені бұл жолға түскен жастың бойында өзгерістер орын ала бастайды. Тамаққа тәбеті жоғалып, қысқа уақыттың ішінде 10-20 келі салмақ жоғалтады. Түнде ұйқысы қашып, денесіне жазылмайтын жаралар шығады. Көбіне ата-аналар балаларында есірткіге деген тәуелділік шарықтау шегіне жеткенде ғана бір-ақ біледі. Алғашында білсе де, дәрігерге апармай елден жасыруға тырысады. Оның салдары қайғылы жағдайға әкеледі. Сондықтан ата-аналар балаға көбірек көңіл бөліңіздер. Бала өзіндегі мәселені үлкендерге айта алса, оның мұндай жолдан тез шығуына мүмкіндік бар. Синтетикалық есірткілер адамға марихуана мен анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді. Өйткені «синтетиканы» тұрақты қолданушыларда галлюцинация болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Яғни «синтетиканы» тұтынушылар суицид жасауға бейім келеді, — дейді дәрігер.
Шымкент психикалық денсаулық орталығында жылына 5000-ға жуық адам есірткі тәуелділігінен ем алады. 2023 жылдың басынан 1500 адам емделіпті. Дәрігерлер науқастар дерт асқынғанда ғана мамандардың көмегіне жүгінетінін айтуда.
–Есірткіге қарсы күресу үшін кешенді жоспар әзірлеп, ЖОО, колледждер мен мектеп оқушыларымен кездесеміз. Мақсатымыз нашақорлықтың салдарынан келетін қайғылы жағдайды болдырмау. Бүгінде орталығымызда 1 жасөспірім тіркелген. Дегенімен жастар арасында нашақорлық жоқ дегенді білдірмейді. Ата-аналар есепке тұрғызбай-ақ жасырын жеке клиникалардың қызметіне жүгінеді. Науқастар арасында әйелдердің үлесі 10 пайызын құрайды. Емделушілердің орта жасы 42 жасты көрсетті. Науқастардың басым бөлігі өз еркімен келіп, емдеу ісіне келісім береді. Қалған 30 пайызы қылмыстық істерге байланысы болғандықтан полиция қызметкерлері алып келеді. Орталықтың көмегіне жүгінгендердің 10 пайызы тәуелділіктен түбегейлі арылуға талпынып, жиі емделуге келеді, — дейді Шымкент психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев.
Қалалық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Бауыржан Карбеков тәртіп сақшылары жыл басынан бері 100-ге жуық есірткінің заңсыз айналымын анықтап, 25 келі есірткі заты тәркілегенін айтты.
– Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіледі, оған қарсы күресте мүдделі мемлекеттік органдармен де бірлесе іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгінде «дәстүрлі» есірткі түрлеріне қарағанда интернет желілері арқылы саудаланатын синтетикалық есірткі көбейген. Полиция департаменті есірткі саудасының алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Бүгінде тәркіленіп жатқан есірткінің басым бөлігі марихуана мен синтетика түрлері. Өткен жылы 2 келі синтетикалыққ есірткі тәркіленсе, осы жылдың 5 айында 6,5 келі есірткі қолға түсті. Қазірде сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жүргізіліп жатыр, — деді Б.Карбеков.
«Шымкент келбеті»
Please follow and like us: