Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ОРДАБАСЫДА ҚҰНЫ 40 МЛРД. ТЕҢГЕ БОЛАТЫН 21 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ ДЕП КҮТІЛУДЕ

47қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы жаңа үлгіге көшуі тиіс екендігін, кәсіпкерлерге көмектесу керектігін баса айтқан болатын. Осы мақсатта Ордабасы ауданында аудан әкімдігінің бастамасымен кәсіпкерлікті қолдау форумы өткізілді.
Форумға Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының, «Ырыс» МҚҰ серіктестігінің, «Даму» қорының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының өкілдері, аудан прокуроры, аудандағы белсенді кәсіпкерлер, салалық мемлекеттік органдардың мамандары мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Жиында аудан әкімі Азат Оралбаев баяндама жасап, кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2023 жылы атқарылған және осы жылы жүзеге асырылатын жобаларға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ауданның бизнес жүргізуге бағытталған потенциалы туралы ақпарат берді.
Өткен жылы ауданда өнеркәсіп өнім көлемі 33,2 млрд. теңгені құрап, 6,5 пайызға артқан. Сонымен қатар шағын және орта бизнестен 99,6 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Нәтижесінде 792 жұмыс орны ашылып, 502 адам тұрақты жұмысқа тұрған. Өткен жылы инвестициялық құны 10 млрд. теңге болатын 8 жоба жүзеге асып, 292 адам жұмыспен қамтылды.
Ал, 2024 жылы шағын және орта кәсіпкерлік саласында инвестициялық құны 40 млрд. теңге болатын 21 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1 659 жұмыс орны ашылады деп көзделуде.
Форумда аудан прокуроры Абзал Қыдырбай да баяндама жасап, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Қаржы институттарының өкілдері кәсіпкерлікті қолдау мен ынталандыру мүмкіндіктері жайында мәліметтер берді.
Негізгі баяндамашылардан кейін жиын сұрақ-жауап форматына ауысты.
Форум нәтижесінде бәсекелестік ортаны қалыптастырып, бәсекеге қабілетті өнімнің жаңа түрлерін шығаруда ауданға жеке инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлесін қосқалы отырған инвесторлармен аудан әкімдігі арасында екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Please follow and like us: