Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ «САҚАЛДЫ» ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНА ҚАТЫСТЫ ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі мерзімі өтіп кеткен «сақалды» құрылыстар бойынша нақты тапсырмалар берді. Құрылысы басталып, жылдар бойы не бітпей, не бұзылмай тұрған нысандар бойынша аудан, қала әкімдерінің жұмысын қатаң сынға алды. Осы мәселеге қатысты жауапкершіліктерін қарауды тапсырды.
Әкімге құрылысы мерзімінде аяқталмай, бұқараның да, билік өкілдерінің де бас ауруына айналып отырған нысандар туралы баяндалды. Олардың айтуынша, мердігерлер созбалаңға салынған құрылысты кешіктіруге қатысты түрлі сылтау айтады. Сондықтан пайдалануға берілу мерзімі ұзаққа созылуда. Ал, сенімге селкеу түсірді делінген серіктестер барлығын құрылыс материалдарының қымбаттауымен байланыстырады.
– Басталған жұмыс, аяқталуы тиіс. Басқалай болуы мүмкін емес. Маған нақты шешім керек. Құр бетіне қарап отыра бермей, жарты жылда толық аяқталуы тиіс. Сотта қаралып жатқан істер бойынша да нақты нәтиже қажет. Жолын табыңыздар. Ауданның бюджетінен қарастырасыздар ма, басқа да жолдарын көресіздер ме, өздеріңіз барып соғасыздар ма, мені қызықтырмайды. Құрылыс тоқтап тұрмауы тиіс. Жекеменшік нысан болсын, басқасы болсын, бәрібір. Тоқтап тұрған қай құрылысты алсаңыз да сылтауы көп. Созбалаңға салған құрылыс компаниялары осылайша жүре бере ме? «Қаржы бөлінбей жатыр», «Құрылыс заттары қымбаттап кетті» деп тағы да бір ақталады. Мойнына міндет етіп алғаннан кейін, мұндай кірбің саларлық жағдайға ұрынбауы қажет еді. Соны шеше алмасаңыздар, не үшін отырсыздар әкім болып? Әлде мен әрқайсыңызды жетектеп, жол көрсетіп отыруым керек пе? Бізде облыста бірде-бір бітпей тұрған құрылыс болмауы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Жауаптыларға бірнеше рет айыппұл тағылған. Сотта қаралып жатқандары да бар. Облыс әкімі құрылыс басында жасалған келісімшарт негізінде тәртібіне сай жобаларды қайта қарап, шешім қабылдауды тапсырды.

Please follow and like us: