75
Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында Шымкент қаласында жаңа ипподром пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанаты «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік шараның аясында өтті.
Ашылу салтанаты әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталады. Бұл керуендердің құрамында әр өңірдің белгілі өнерпаздары мен спортшылары болды.
Батыс керуенін елімізге белгілі әнші Т. Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші А. Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі М. Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Н. Серікбаева бастап шықты.
Мұнан кейін бәйге, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлеріміз көрерменге назарына ұсынылды.
Салтанатты шарада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен осы нысанды салып, қалаға тарту еткен BI GROUP компаниясының бас директоры Айдын Рахымбаев құттықтау сөз сөйледі:
– Осыдан бір жарым жыл бұрын Шымкент қаласының халқына жаңа, заманауи, халықаралық стандарттарға сай келетін ипподром салып береміз деп уәде берген едік. Бүгін сол уәдені орындап отырмыз. Бұл Қазақстандағы ең үлкен атшабар кешені болып отыр, – деді А. Рахымбаев.
Қала әкімі М.Әйтенов осынау үлкен кешенді өз қаржысының есебінен салып, Шымкент қаласына тарту еткені үшін BI GROUP компаниясының басшылығына алғысын айтты:
– Бүгін Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық спорттың дамуына әсер ететін үлкен, жаңа, заманауи ипподромның ашылуына куә болып отырмыз. Біздің осы қуанышымызға ортақтасып Шымкент қаласының, оңтүстік өңірдің дамуына еңбек сіңірген қадірлі ел ағалары келіп отыр.
Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын және бүгін осы шараға арнайы уақыт бөліп келгендеріңіз үшін алғыс айтамын.
Ипподромның ашылу салтанатына орай ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыс өткелі отыр. Оған 1 мыңнан астам спортшы, соның ішінде 126 шетелдік спортшылар келіп қатысуда. Демек, жаңа ипподром ат спортының дамуына тың серпін береді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Ипподромның салтанатты ашылуына арналған бағдарламаны еліміздің әр аймағынан келген қонақтар, қаланың дамуына үлес қосқан қадірлі азаматтар, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары тамашалады. Мерекелік бағдарлама «Қаражорға» биімен қорытындыланады.
Айта кетейік, жаңа ипподромда еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы бар. Ипподром аумағында 1 500 көрерменге арналған трибуна, ат аренасы бар манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, 300-ден астам көлікке арналған тұрақ салынған. Ал, трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар. Ұзындығы 2012 метр жарыс жолы салынған. Көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар кварцты құмдармен, табиғи тастармен безендірілген.
Әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа иипподром мегаполистегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін орындардың біріне айналып отыр.
Ипподромның ашылу салтанаты Ұлыстың Ұлы күні Наурызға арналған «GREAT QAZAQ GAMES» іс-шарасымен жалғасуда. Онда еліміздің барлық өңірлерінен және Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Сауд Арабиясы мен Иорданиядан келген спортшылар бағын да, бабын да сынауда. Олар 3 күн бойына көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ және өзге де ұлттық спорт түрлері бойынша жарысады.
Please follow and like us: