Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің төрағасының бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылдың 1-ші маусымынан бастап мемлекеттік қызметшілердің сәйкестендіру карталары (ID карталар) қолданысқа енгізілді.
Сәйкестендіру картасы — мемлекеттік қызметші жұмыс атқаратын мемлекеттік мекеме, қызметкердің аты-жөні, лауазымы көрсетілген қызметтік құжат болып табылады және толығымен қызметтік куәлікті алмастырады.
Аталған карта арқылы мемлекеттік қызметшінің жұмыс орнында уақытылы болуы мен мемлекеттік органдарға жұмыс бабымен кіріп-шығу барысын «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесіне тіркеледі.
Сәйкестендіру картасы көп қабатты материалдан жасалады және мемлекеттік қызметшілерге төрт жылға жарамдылық мерзімімен беріледі. Барлық мемлекеттік мекемелерге кіру «СКУД» қондырғысына картаны қойып, қызметшінің жеке басын куәландыру арқылы жүзеге асады.
Осы орайда, ID карталарды қолдану тәртібі бойынша Департамент тарапынан қаламыздың барлық мемлекеттік органдарына хат жолданып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сәйкестендіру картасы алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртібін жетілдіріп, жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі Кеңес хатшылығының меңгерушісі — Раева Аянай Мұхитқызы