Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

ДАРХАН ЖҮРЕК – МҰҚАҒАЛИ

Шымкент қаласындағы Абай атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі «ХХ ғасыр ақыны» атанған ақиық ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Дархан жүрек – Мұқағали» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Оны осы жолдардың авторы қысқаша сөз сөйлеп ашып, қадірменді қонақтармен таныстырып шықты. Алдымен ақын өмірі мен шығармашылығына арналған слайд пен кітап көрмесі келушілердің назарына ұсынылды. Қазақ радиосында диктор болып қызмет істеген ақынның жанды дауысын тыңдауға мүмкіндік алдық. Сөйтіп, Әнуарбек Байжанбаев оны «Қазақтың Левитаны» деп босқа атамағанына көз жеткіздік.

Кештің мақсаты – артына айрықша өшпейтін із қалдырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау. Поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, сезіндіру, шығармашылығының музыкасымен үндесу ерекшелігін, ақынның сөзіне жазылған әндері көпшілік назарына ұсыну болатын. Ақынның шығармалары негізінен туған елге, халқына деген сүйіспеншілігін, махаббатын, өмірге деген құштарлығын жырлауға арналғаны баршаға белгілі.

Поэзия тынысын өзінше кеңейткен,қазақы формалар мен бояуларды сақтай отырып, «шекпен жауып қайтарып», жаңа леп, жаңа үн қосқан, сонымен соны соқпақ салған, өзінше өрнек ойған Мұқағалидың  таудай тұлғаға айналарына күмән келтірмей, ақын  және оның поэзиясы туралы жылы лебіз, қонымды пікір білдірген замандастары көп болған:

«Мұқағали Мақатаев – біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. М.Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион адам миллион түрлі пікір пайымдаса да, ешбір кіреуке, көлеңке түспей,келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек» (Әбділда Тәжібаев).

«Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздарының арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың – ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз»  (Тұманбай Молдағалиев). «Мұқағали Мақатаев бұл жалғанға қалдырған жарық сәуле – жырлары халқының басын құрап, елдік пен бірліктің, рухани тұтастықтың байрағына айналып отыр» (Фариза Оңғарсынова).

Бұл пікірлерді аталмыш кешке қатысушылар да қоштай түскендей. Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Есқара Тоқтасынұлы:

– Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында оқып жүрген кезімде  ақиық ақынды екі-үш рет көру бақытына ие болдым. 1963 жылы пойызда жан-жағына қыз-келіншектерді жинап алған бір ақын өлең тебіреніп оқып тұр екен. Ол кезде Мұқаңды жыға танымаймын. Кейіннен оның «Хантәңірінің мұзбалақ ақыны» – Мұқағали Мақатаев екенін білдім.

1975 жылы әріптесім Мархабат Байғұт екеуміз Алматыда өткен жас ақын-жазушылардың кеңесіне қатысуға барғанда екінші рет көрдім. Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ қаламгерлер төрде отырған. Бір кезде есік ашылып, Мұқаң екпіндеп кіріп келді. Жұрт аңтарылып қарап қалды. Абырой болғанда, Мұқаң бір-екі өлең оқыды да сыртқа шығып кетті.

Өзім үш адамды пір тұтамын. Олар – ақын Мұқағали Мақатаев, сазгер Шәмші Қалдаяқов, жазушы Тәкен Әлімқұлов. Бәрі де тым қарапайым болатын. Өмірде қанша қиыншылық көрсе де ұрпақтарына мәңгі жасайтын тамаша туындылар қалдырды. Сол себепті де оларды халқы әлі күнге дейін дәріптеп келеді.

Журналист, ақын, аудармашы, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,  «Шымкентім, шырайлым!» республикалық әдеби-көркем альманағының  Бас директоры – Бас редакторы Әбдісаттар Әліп:

– Мұқағали Мақатаевтың өмірін екі кезеңге бөліп қарауымызға болады. Көзі тірі кезінде Қасым Аманжолов, Төлеген Айбергенов секілді көп теперіш көрген. Пәтерден пәтерге ауысып жүрген. Лауазым, қызмет қумаған. Атақ-даңққа бөленбеген. Төрт жоғары оқу орнына түскенімен, сан түрлі себептермен олардың бірде-біреуін түгесе алмаған. Тоқаш Бердияров ағасына ілесіп, «көше ақындары» атанған. «Қазақтың жігітінен дос таппай, Фариза Оңғарсыноваға бар мұңын шаққан. Соған қарамастан, достықты, адалдықты, адамгершілікті ту етіп, жоғары ұстай білген.

Өмірден озғаннан кейін атақ-даңқы жер жарды. Кітаптары жыл сайын сан мыңдаған таралыммен жарық көруде. Мемлекеттік сыйлық алды. Музейі ашылды. Ескерткіштері орнатылып, мектептер мен көшелерге есімі берілді. Ақын атындағы қор құрылып, орталық ашылуда. Биыл 90 жылдық торқалы тойы аталып өтілмек. Мұқағали Мақатаевтың мұрасы мәңгілік деуіміздің сыры осында.

Шымкент қаласындағы жол-көлік колледжінің оқытушысы Гүлсім Асқанбекқызы:

– Ақын әжесі Тиінге ұқсап өжет болып өскен. Әжесі аяғы сырқаттанған жанның аяғын балтамен кесіп тастап, оның зардабы денесіне жайылмауына себепкер болған. Қысылтаяң сәтте осындай оңтайы іс-әрекетке барғанын көрген дәрігер оған сүйсініс білдірген екен. Сол сияқты өжет мінез ақын да қашанда өршілдігімен ерекшеленген.

Шымкенттегі Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының «Жас қаламгер» ақындар клубының жетекшісі Марғуба Мұхтарқызы өзінің көркемсөз оқитын бір топ өнерпаз шәкірттерімен кештің шырайын аша түсті. Олар ақын өлеңдерін жарыса оқыды. Шұғыла Әліпбай «Муза», Әсел Биболат «Мен сені сағынғанда», Алина Әлмағанбетова «Арыз жазып кетейін», Балсая Оңалбек «Шәмілге хат», Ерасыл Батырбек «Фаризаға», Алуа Мұхтарова «Шыда», Мариям Жетпісбай «Сол түні», Әсел Нұрымжанқызы «Қуанайын», Сәбина Әшімхан «Өкінбеймін»,  Талшын Сапар «Қара өлең», Аида Қожахмет «Әйелдер-ай», Ырысбек Сенбеков «Аға», Айару және Ақсезім Түгелбайлар «Жоқ, дәрігер», «Мен таулықпын», Шыңғыс, Айару, Нұрай Сапарбайлар «Үш бақытым», «Әке», «Қазақстан» өлеңдерін мәнерлеп оқуымен көзге түсті.

Олардан кітапханшылар қауымы да қалыспады. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Сапарова ақынның сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың», Гүлмира Сапарова, Мария Тұңғышбаева, Айгүл Кужумова  секілді кітапханашылар триосы «Саржайлау» әндерін әуелетті.

Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Шатырбекова Гүлсім кешті қорытындылап, оған белсене атсалысқандарға Алғыс хат табыс етті. Оқырмандарды кітапхана ұжымы ұйымдастырып отырған зияткерлік ойынына  қатысуға шақырды.

 

Нәзира СЕЙТЖАНОВА,

Шымкент қаласы ОККЖ мерзімді басылымдар бөлімінің қызметкері.

 

Please follow and like us: