Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғамМәдениет

Ғашықтар күнін атап өту – жас буын санасына сіңіп келеді

14 ақпан Әулие Валентин күнін жастар күні кешеге дейін тойлап, ерекше атап өтіп келді. Соңғы уақыттары мемлекет болып қолға алып, жастарға өзіміздің де ғашықтардың мерекесі бар екенін көрсетіп, әрі атап өту үшін 15 сәуір — «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ғашықтар күні белгіленген-ді. Осы жақсы бастама қыз-жігіттердің ойында жүруі үшін Шымкентте ғашықтар мерекесінде жыл сайын дәстүрлі түрде «Бозбала мен бойжеткен» байқауы өтіп, ең жарасымды жұптар анықталу дәстүрге айналған.
Осы мақсатпен биыл да Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында «Бозбала мен бойжеткен – 2023» байқауы ұйымдастырылды. Бұл сайыс — жастардың бойына иман, әдепті болу мен арлылық, адалдық сынды жақсы қасиеттерді сіңіруге бағытталған. Әрі ұлтымыздың салт-дәстүрін жаңғырту үшін қолға алынып отыр. ⠀
⠀ Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен байқауға 8 жұп қатысқан. Орталық басшысы Мағжан Исахов баршаны айтулы мерекемен құттықтап, салтанатты кешті ашып берді. ⠀
⠀— «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпостық жыры – қазақ халқының ауыз әдебиетінде ерекше орынға ие, көркемдік қуаты мен эстетикалық мәні зор туынды. Бұл жыр махаббатқа беріктікті, таза, іңкәр сезімді, жарға деген сүйіспеншілік пен адалдықты және мейірім мен ізгілікті ғасырлар бойы дәріптеп, осынау құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізіп келеді, — деді жастар ресурстық орталығының басшысы. ⠀
⠀Салтанатты жиын ашылған соң, байқауға қатысқан жұптар көтеріңкі көңіл-күйде өз өнерлерін көрсетті. Төрт кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы кезеңінде әр жұп қазақи үлгідегі киіммен, өздеріне берілген реттік нөмермен сахнаға шықты. Екінші шартта қос өнерпаз өздерін таныстырды. Яғни, ән айтылып, күй шертіліп, енді бірде сахналық қойылым қойылды. Одан кейінгі шарт бойынша шығармашылық өнер сайысы мен зияткерлік кезеңнің талаптарын орындады.
Төрт кезеңнен тұратын байқауда жастардың шығармашылық өнері мен зияткерлік дарыны сынға түсті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені ОҚМПУ студенттері Даниал мен Ақсезім жеңіп алды. 2 орынды Бақдаулет пен Меруерт (Орталық Азия университеті), 3 орын Асылбек пен Жасмин (М.Әуезов атындағы ОҚУ) лайық деп танылды.
Кеш барысында қатысушылардың барлығы жетістіктеріне сай марапатталды.

Please follow and like us: