124
Шымкентте жалдамалы баспанасы өртенген Назира Дүйсебаева халықтың демеушілігімен баспаналы болды. Алты баланың анасы Н. Дүйсебаева шымкенттіктердің қайырымдылығына ризашылығын білдіріп, қуаныштан көзіне жас алып, алғасын жеткізді.
—Жалдап тұрған үйіміз өртенген кезде халық осылай көмектеседі деп ойламадым. 15 жылдан бері пәтер жалдап келеміз. Бәрінен де балаларымның қуанышында шек жоқ. Бүгін тұңғыш ұлым «енді біздің де өз үйіміз бар», деп жылап жіберді. Біздің қайғымызды жеңілдеткен халыққа көп рақмет, — дейді көпбалалы ана.
Осы оқиғаны есіткен кәсіпкер, Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұргүл Қобланова мен «Аманат» партиясының қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов жалғызбасты ананың жағдайынан хабар алып, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіпті.
—Қақаған аязда балалар далада қалмауы үшін кәсіпкерлерге хабарласып, қолдан келгенше қаражат жинауды ұйымдастырдық. Халық Н. Дүйсебаеваның әпкесі Алмира Сатыбалдиеваның жеке шотына қаржы аудара бастады. Қайырлы істе тұрғындардың барлығы көмек көрсетуден аянып қалмады, — Н. Қобланова.
Қайнарбұлақ саяжайының ауыл биі Ақмарал Өмірзақованың сөзінше, елден 22 млн. теңге жиналған. Оның 19,5 млн теңгесіне баспана сатып алынып, қалған қаражат үй жиһазы мен көрпе-төсек және тұрмысқа қажетті заттарға жұмсалыпты. Бұдан бөлек, өртенген тағы бір үйге де көмек беріліпті.
—Халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында бүгін бір отбасы қоныс тойын тойлап отыр. Қайырлы істе халық, әкімдік, «Аманат» партиясы, волонтерлер мен қоғамдық ұйымдар, балалар оқитын мектебі бәрі-бәрі жұмыла кірісті,—дейді ол.
Өртенген пәтерді «Елге қызмет» қоғамдық қоры жөндеу жасап беріпті. Ал, «Медикер» клиникасының директоры, дәрігер Бақытжан Позилов Н.Дүйсебаева мен оның балаларына медициналық, психологиялық көмек көрсетуге уәде берді.
Please follow and like us: