Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

Жыл сайын баспаналы болудың мүмкіндігі артуда

133қаралым

Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте осы жылы 888 жастың арендалық баспанамен қамтасыз етілуі қолға алынатынын айтты.
Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 324 арендалық пәтер, жұмыс істеп жүрген жастарға – 888 пәтер, несиелік негізде – 1919 пәтер беру жоспарланған.
Өткен жылы жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы аясында 857 жас қоныс тойын тойлаған. Биыл жоғарыда айтылғандай, 888 жасты арендалық баспанамен қамту көзделіп отыр. Конкурсқа өтінімдер қабылдау, өңдеу, келісімшартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізіледі.
Тағы бір айта кететіні, биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына жатқызылып, баспанамен қамтылуда мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұған дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін. Сонымен қатар, қатысушының айлық табысы 40 АЕК — тен кем болмауы қажет. Бағдарлама аясында 2020 жылы 904, 2021 жылы 300, былтыр 857 пәтер берілген. Өтініш берудің биылғы кезеңі алдын ала хабарланады.
Осы брефингте Жанат Өтебаева Шымкентте тұрғын үймен қамту мәселесін шешуде өңірлік Qamqor бағдарламасы іске қосылғанын айтты. Әзір оның талаптарын түсіндіру жұмыстары жүруде. Аталған бағдарламаны несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрап отыр.
– Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға басымдылық беріледі. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып, сатып ала алады. Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме 5 пайыз, одан әрі жылдық 3,8 пайызға дейін төмендейді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің» арқасында ипотека мөлшерлемесін төмендетуге болады,– деді Тұрғын үй басқармасы басшысы Жанат Өтебаева.
Qamqor бағдарламасының талабына сай, 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығында тұрғын үйі болмауы керек. Соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысуға ниет білдірген тұрғындарға мамандар негізгі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Шымкентте іске қосылатын Qamqor бағдарламасымен дәрігер, медбике, санитар, педагог, тәрбиеші, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері баспаналы бола алады.

Please follow and like us: