475
Биыл желтоқсан қозғалысына — 36 жыл. Шымкент қаласында Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған конференцияда азаттық жолында күрескен тұлғалар жөнінде сөз қозғалды. М.Әуезов атындағы ОҚУ-да қала әкімдігінің қолдауымен өткен «Тәуелсіздік тұлғалары» деп аталған жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, желтоқсан оқиғасының қатысушылары және студенттер қатысты.
–Қоғамда тәуелсіздік күніне қатысты түрлі пікірлер айтылып келді. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 16 желтоқсан тәуелсіздік жолында құрбан болғандарды еске алып, тағзым ету күні болып белгіленді. Тәуелсіздік күні ретінде еліміздің егемендігі жөнінде декларация қабылданған 25 қазанда тойлайтын болдық. Қазақ елінің тәуелсіздік идеясы тек Желтоқсан оқиғасынан басталмағаны тарихтан белгілі. Ызғарлы желтоқсан егемендікке жету жолының нүктесін қойды деп айтуға болады. Өйткені тарихта 18 ғасырдан 1986 жылға дейін 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісі болыпты. Патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы 1783-1797 жылдары Сырым батыр бас көтеріп, күресті. 1836 жылы Махамбет пен Исатайдың көтерілісі, 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы да азаттық жолында күресіп еді. Одан бөлек, Жанқожа батыр, Көтібар батырлардың тәуелсіздік жолында жан берді. Егемендік жолындағы қай күресті алып қарасаңыз да өкілеттілігі үстем өкіметтің күрескерлердің маңдайын сипамаған. Желтоқсан қоғалысына қатысқан жастарды да Кеңестік билік жаншыды, қудалады. Әйтсе де, бұл ұлт-азаттық көтерілісінің нүктесі болатын, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Одан кейін қала әкімінің бірінші орынбасары желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың басын біріктірген қоғамдық бірлестік төрағалары мен қозғалысқа қатысқан азаматтарға бағалы сыйлықтар мен қала әкімінің алғыс хатын табыстады.
Конференцияның негізгі бөлімінде Желтоқсан қозғалысының қатысушылары Сабит Исабек, Алма Арқабаева, Гүлмира Оспанова, Жанат Райымқұлова және Абылайхан Көлбай сол кездегі естеліктерімен бөлісті. Барлық баяндамашылар сөз соңында студент жастарға тәуелсіздігімізді нығайту үшін білім алуға, ізденуге, тың жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
«Шымкент келбеті»
Фото – Серік Қосаев
Please follow and like us: