Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғамМәселе

«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ» — ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕККЕ ШАҚЫРАДЫ

77қаралым

Шымкентте «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Жастар практикасы» арқылы жастарды жұмыспен қамту қарқынды жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама арқылы жемісін көрген жастардың бірі – Перизат Абдижаппаркызы. Ол
былтырғы жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша білім алған. Жас маман оқу бітірген соң қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелді. Кейінен орталық мамандары жас маманға «жастар практикасы» бағдарламасына қатысуға ұсынып, нәтижесінде биылғы жылдың мамыр айында аталған бағдарламамен Абай ауданы әкімінің аппаратына мамандығы бойынша 6 ай мерзімге жұмысқа жолданды.

— Жастар практикасы бағдарламасы арқылы жергілікті мемлекеттік органға жолдама алдым. Осы жердегі білікті мамандардың тапсырмаларын орындап, тәжірибе жинақтаудамын. Алдағы уақытта білімім мен жинған тәжірибемнің арқасында тұрақты жұмысқа кірсем деген мақсатым бар»-дейді 23 жасар қала тұрғыны.

Жалпы,«Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Жас мамандар үшін тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік.

Аталған бағдарламаға 29 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде (2019,2020,2021ж) жоғарғы оқу орындары мен колледждердің түлектері қатыса алады. Жалақысы 25 АЕК (72 925 тг) құрайды. Бұл бағдарламаға тек бір рет қатысуға болады.
Шымкентте жыл соңына дейін «Жастар практикасымен» 2500 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, жыл басынан бері 2000-ға жуық шымкенттік жастар аталған бағдарламамен түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданды.

Please follow and like us: