Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен арнайы жиында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру тетіктері қарастырылды. Пилоттық жоба аясында қала аумағында 25 мектептің құрылысы жоспарланған. Биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады.
Алдағы жылы 20 400 орынға арналған 13 мектеп салынып, 2025 жылы пайдалануға тапсыру көзделуде.
Тиісті басқарма басшыларының қатысуымен өткен басқосуда нысандарды
инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамту барысы талқыланды. Мұрат Дүйсенбекұлы жоспарланған мектеп ғимараттарына қажетті табиғи газ, электр, су жүйелерін, жолдарды талаптарға сай жүргізуді тапсырды.
“Ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне мән берілуі керек. Мектептердің көшелерін жарықтандыруды және бейнебақылау жүйелерімен қамтуды ұйымдастырыңыздар. Мектепке қатынайтын қосымша маршруттар бекітіңіздер. Білім ғимараттары түгелдей жылдам интернетпен қамтылуы тиіс” — деді қала әкімі.
Сондай-ақ халықтың демографиялық өсу динамикасын ескеріп, алдағы уақытта білім ғимараттарының орындарын Бас жоспарға сәйкес белгілеп алу қажеттігін ескертті. Басқарма басшыларына құрылыс барысындағы өзекті мәселелерді бірлесе, дер кезінде оңтайлы шешуді тапсырды.