72
Шолпан Мырзахметова, Шымкент қалалық диагностикалық орталықтың бас дәрігері:
Бүкіл әлемде коронавирустың таралуымен байланысты эпидемиологиялық жағдай өршіп, бір жылдан астам уақытта елімізде індетке шалдыққандар мен қаза болғандар санының артып отырғанына куәміз.
Талай қандастарымыздың туыстарынан, жақындарынан айырылып, күйзелгені бәрімізге мәлім. Біздің орталықта да халыққа әлі берері көп, білікті, сүйікті екі әріптесімізді жоғалтып, қабырғамыз қайысты.
Басынан коронавирустық індетті өткерген азаматтарда буын ауруының асқынуы, тромбоздық жағдайдың көбейіп, инсульт немесе жіті коронарлық синдромға әкеліп соғып жатқанын Орталықтағы бейінді мамандар баяндап отыр. Тағы да басқа коронавирус салдарынан ұмытшақтық, ұйқы қашу, неврологиялық өзгерістер тіркелініп отыр.
Бұл індеттен мүлдем құтылудың бір ғана дара жолы — бұл коронавирусқа қарсы екпе егумен азаматтарды толық қамтып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Біз халқымыздың қалыптасқан салт-дәстүріне сай бір-бірімізді көру, қуанышын бөлісу үшін, бетпердесіз толыққанды өмір сүру үшін індеттің әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында екпе егілуін жылдамдатып, қарқынды түрде іске асыруға атсалысуымыз қажет.
Өткен ғасырда әлемді дүрліктірген, талай адамның өмірін жалмаған оба, шешек, полиомиелит секілді қауіпті жұқпалы ауруларына тосқауыл қойған, кеңес дәуірінде жүргізілген жалпылама вакцинациялау екенін ұмытпайық!
Бүгінгі таңда, Диагностикалық орталықтың ПТР зертханасында күнделікті COVID-19-ға 400-450 биоматериалдар зерттеліп, оң нәтижелер анықталуда.
Сонымен қатар, компьютерлік томографиядан өткен науқастар арасында вирустық өкпе қабынуының асқынған түрлері әлі де тіркелуде.
Құрметті қала тұрғындары! Сіздер өз бойыңыздан жіті респираторлық симптомдар, дене қызуы көтерілген жағдайда, жөтел, иіс сезбеу немесе ентігу белгілерін байқаған жағдайда, өз бетінше емделмей, тез арада дәрігер кеңесіне жүгінулеріңіз қажет.
Мамыр айының басында біздің зертханада вакцинациялаудың екі компонентін салған еріктілерден биоматериал алып, екпеден кейін пайда болатын коронавирусқа қарсы қорғаныс антиденелерінің санының 6000-нан 10000-ға жуық өскенін байқап, вакцинациялаудың қаншалықты қажет екендігіне, ағзаның қорғаныс қабілетінің көтерілетініне тағы да көзімізді жеткіздік.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №17 қаулысына сәйкес «Спутник V» вакцинациясы мен егу кестесіне өзгерістер енгізілгенін естеріңізге саламын.
Вакцина әзірлеушілердің мәлімдемелеріне сәйкес аталған вакцинаның екі компонентін енгізу арасындағы интервалдың 45 күнге дейін созылған, ал белгілі бір себептермен 45-ші күні екінші компонент сала алмаған азаматтар 90-шы күнге дейін сала алады.
2021 жылғы 21 сәуірден бастап вакцинаның І компонентін алған азаматтар ІІ компонентті салдыруға 45 күн өткеннен кейін келуі тиіс. Шымкент қаласында 45 екпе егу пункті жұмыс істеуде. Кез келген екпе егу пунктіне барып, ақысыз КВИ-ға қарсы вакцина салдыруға болады. Ол үшін азамат мемлекеттік немесе жекеменшік емханаларда тіркелген болуы тиіс.
Біздің орталықта №13 қалалық емханаға қарасты көшпелі екпе бригадасының жұмысы күнделікті сағат 8.00-ден түнгі 24.00-ге дейін ұйымдастырылған. Вакцинация салар алдында білікті дәрігер-терапевт медициналық тексеруден өткізіп, кеңес береді.
Барлықтарыңызды қалыпты өмірге оралу үшін коронавирусқа қарсы екпе алуға шақырамыз!
Please follow and like us: