111
Қайрат Қалыбеков, №9 қалалық емханасының бас дәрігері: ВАКЦИНА САЛДЫРУ — ІНДЕТТІ ЖЕҢУДІҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ
Covid-19 індеті аса қауіпті инфекциялық ауруларға жатады. Алғаш рет 2019 жылы Қытай мемлекетінде анықталып, 2020 жылы дүниежүзі мемлекеттеріне толық таралды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше Covid-19 пандемиясынан қазіргі таңда жер жүзінде 132 млн 500 мың адам індетке шалдықса, оның ішінде 2 млн 800 мың адам қайтыс болған.
Біздің еліміз де осы індеттен аз зардап шеккен жоқ. Көптеген отбасылар жақындарынан, туыстарынан айырылды. Бірақ халқымыз әлі де осы індетті толық мойындамай, көпшілік жиындарға барып, шет елдерге саяхаттап және күнделікті өмірде карантин режимдерін қатаң сақтамауына байланысты елімізде індет қайта өршіп тұр.
Дүниежүзі ғалымдары осы инфекцияны жеңудің бірден-бір тиімді жолы індетке қарсы вакцинациялау екенін дәлелдеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел Үкіметі ел азаматтарына Covid-19-ға қарсы вакцинациялауды жүргізуде. Біздің елімізге алғашқылардың бірі болып Ресей мемлекетінде шығарылатын Спутник–V Гам ковид Вак вакцинасы әкелінді. Сондай-ақ, елімізде отандық QazCovid вакцинасы өндірілді.
Шымкент қаласында Covid-19-ға қарсы вакцинациялау ағымдағы жылдың ақпан айынан басталды. Вакцинация бірінші кезекте медицина қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне және білім беру саласы қызметкерлеріне жасалды. Қазіргі таңда жаппай барша тұрғындарға салынуда.
COVID-19 инфекциясының алдын алудың бірден-бір жолы — ол вакцина қабылдау, яғни қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптастыру.
Қалалық 9 емханаға қарасты барлық бөлімдерде COVID-19 қарсы егу пункттері жұмыс істеуде. Егу күнделікті жұмыс күндері және сенбі, жексенбі күндері сағат 8.00-ден 24.00-ге дейін жүргізілуде.
Қазіргі таңда COVID-19 қарсы вакцинация емхана аумағана қарасты 18 жастан асқан барлық тұрғындарға, сондай-ақ диспансерлік есепте тұратын науқастарға көрсетілімі бойынша жүргізілуде.
Вакцинация екі кезеңмен жүргізіледі: 1 компонент 0,5 мл дозада егіледі. 2-ші компенент Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 30.04.2021ж. №17 қаулысына сәйкес 45-ші күні егіледі.
Құрметті кәсіпорын және мекеме басшылары!
Қазіргі кезде қалада барлық мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда Covid-19-ға қарсы вакцина егу толық жүргізілуде. Тек вакцина егу арқылы біз бұл эпидемияны жеңеміз. Қаламыздың экономикасын құлдыратпау үшін, сіздің мекемеңіз карантинсіз жұмыс істеу үшін сіздерді және барша қызметкерлеріңізді вакцина салдыруға шақырамын. Сіздің мекемеңіздің қызметкерлеріне ыңғайлы болу үшін жылжымалы егу бригадалары да жұмыс атқаруда.
Құрметті қала тұрғындары!
Сіздерді вакцина салдыруға шақырамыз, ол — індетті тоқтатудың бірден-бір тиімді жолы! Бетпердесіз жүргіңіз келсе, ауырғыңыз келмесе, отбасыңыз бен туыстарыңызды сақтағыңыз келсе вакцина салдырыңыз!
Please follow and like us: