Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРЫ САҚТАЛМАҒАН МЕКТЕПТЕРДІҢ ДИРЕКТОРЛАРЫ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТУІ МҮМКІН

98қаралым
Ғимараттары мен оның аумағының тазалығы сын көтермейтін, күл-қоқысқа толған білім ұяларының директорлары қызметімен кетуі мүмкін. Санитарлық талаптар сақталмаған мектептердің жай-күйі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кезекті көшпелі мәжілісінде ортаға салынды. Отырыста барлық саладағы кемшіліктер талқыланды. Облыс әкімі білім, денсаулық сақтау, санитарлық тазалық, елді мекендерді абаттандыру саласындағы мәселелерді де шешуді тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Жанашырлық болмаса, тірлік – осы. Әлеуметтік нысандарды күтіп әрі таза ұстауға қосымша қаржының қажеті жоқ. Ниет пен талап керек. Өзі басқаратын мекеменің тазалығын сақтай алмайтын директорлар мен басшылардың қызметтік жауапкершілігі қаралуы тиіс. Мәдениет үйінің маңының өзінен кемшілік анықталып отыр. Ауданда инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз деңгейінде емес. Көрсетілген кемшіліктерді жою үшін 15-ші маусымға дейін уақыт береміз. Ауданда жалпы 12 қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орын бар. Оның 6-ауы экологиялық талаптарға сай келмейді. Күл-қоқыстарды қысқа мерзімде жойып, полигондарды ретке келтіру, сондай-ақ, тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу керек. Ұзаққа созылған құрылыс нысандарының да мәселесін жедел шешкен жөн. 2018 жылдан бері индустриалды аймақта жобалар іске аспаған. Осыған байланысты ауданда инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін кемінде жаңа инвестициялық жобаларды ұсынып, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Көшпелі мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту бағытында кездескен әрі қордаланған мәселелер жөнінде баяндады. Әр сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді мәлімдеп, жұмысты ширату жөнінде нақты ұсыныстар берді.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков ауданды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы есеп берді. Жыл басынан бергі 4 айдағы экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Жергілікті бюджет кірістеріне 2022 жылы 17 млрд. 736 млн. теңге қаржы түсіп, жоспар 100,8 пайызға немесе 132 млн. теңгеге артығымен орындалды. Биылғы жылдың I тоқсанында жергілікті бюджет кірістеріне 3 млрд. 799 млн. теңге қаржы түсіп, жоспар 141,3 пайызға жеткен немесе 1 млрд. 110 млн. 534 мың теңгеге артқан. Бірінші тоқсанда ауданда 121 млрд. 967 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі, ауыл шаруашылығы саласындағы 3 млрд. 867 млн. теңгенің өнімі өндірілген.
Мәжілісте облыс әкімі тарапынан аудан әкімі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы қатаң бақылауда болады. Созақ ауданының инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарының өмір сапасын көтеру жұмыстары жалғасын табады.
Please follow and like us: