Түркістан қаласында салынған су жаңа аэропортқа қонған алғашқы ұшақтың видеосы Facebook желісінде пайда болды деп хабарлайды ORDA.KZ.
Ролик авторы Түркістан әуежайындағы ең бірінші рейстің орандалу сәтін «тарихи» деп атады.
Оның айтуынша, бұған дейін аэропорттағы ұшу-қону жолағын сынақтан өткізу үшін ішінде жолаушылары жоқ ұшақ ұшып келген.
Ал аталмыш видео түсірілген күні бортта Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин бастаған бірнеше адам болған екен.
Кадрлардан Түркістандағы жаңа әуежайға ұшақ қонған сәтте борттағылар бір мезетте қол соғып, ілтипат білдіргенін аңғаруға болады.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 1 желтоқсанынан бастап Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Түркістанға әуе рейстері ұшуды бастайтыны туралы хабарланған еді.
Алғашқы рейс Нұр-Сұлтан – Түркістан – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша орындалады.
Азаматтық авиация комитеті Түркістан қаласының әуежайына тұрақты рейстер ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.