Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

90қаралым
Түркістан қаласында бірнеше айға созылған «Түркістан: көне мен келешек көпірі» тақырыбы аясындағы мектеп оқушыларының өнер фестивалі қорытындыланды. Өнер фестивалі қасиетті мекеніміз, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласымен қатар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, халық поэзиясының ұлы тұлғасы Ж.Жабаевтың 175 жылдығына, Алаш қозғалысының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына және күш атасы Қажымұқанның 150 жылдығына арналды.
Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімі және балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен қаладағы «Ақжайық» музыка мектебінде өткен фестивалдің қорытынды гала-концерті, қала мектептерінің ұйымдастырған қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалаудан басталды. Ал, сахнада ұстаздар мен мектеп оқушыларының бірлескен халық аспаптар оркестрі жетекшісі Е.Жақыпбековтың жетекшілігінде Құрманғазының «Қызыл қайың серпер» күйі, С.Алдоңғарова жетекшілігінде М.Әбенова атындағы жалпы орта мектебінің «Мирас» хор ұжымының «Түркістан» әні, жергілікті сазгер Қ.Жұмабаевтың «Түркістан» әні орындалды. Балалар мен жасөспірімдер орталығының «Сымбат» би ұжымы «Керуен сарай» атты композициясын жоғары дәрежеде орындап шықса, көркемсөз жанры бойынша Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінің оқушысы Қ.Исаханов, Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебінің оқушылары Е.Кәрібай мен Л.Мұсахмет «Түркістан» жайлы ақын шығармаларын нақышына келтіре жеткізді.
Дәстүрлі ән жанры бойынша «Өнер» мектебінің оқушысы Б.Орынбасар Иса Байзақовтың желдірмесін өз нақышында орындап, көрермен ықыласына бөленді. Саз мектебінің музыка жетекшісі А.Тобағабылованың «Арай» вокалды тобы орындаған «Қазақстаным» әні, қазақтың халық әні «Илигай», сонымен қатар, «Тұмар» қобызшылар ансамблі көрермен көңілінен шықты.
Фестивальді жүргізген Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебінің оқушылары Қ.Сапарәлі, Қ.Имамаддин, А.Құлахмет, Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебінің оқушылары Н.Кәрібай, Н.Сабырлар да қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
Концерттік бағдарламада балалар мен жасөспірімдер орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі Е.Саметов пен әдістемелік бөлім меңгерушісі Н.Ауезов дайындаған Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен түбегейлі өзгеріп жатқан Түркістан қаласының жаңа келбетке ие болғаны, қол жеткізген жетістіктері, Тәуелсіздігіміздің даму даңғылын нұрлы жолға айналдыруы жолындағы тағылымы мол бейнефильмі ұсынылды.
Шара соңында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының» директоры, қазылар алқасының төрағасы Бақытжан Ешенқұлов және қазылар алқасының мүшелері оқушыларымыздың өнерлерін сын сағатта таразыға салды.
Бақытжан Қабайұлы «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты өнер фестивалі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен осы сахнада ашылғанын айта келіп, жас өнерпаздардың шабытын шыңдап, үлкен сахнаға жол тартып отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, дәстүрлі шараны қолға алған адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы А.Батырбековаға және балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Б.Шойбековке, қос мекеменің ұжым мүшелеріне ыстық лебіздерін білдірді.
Please follow and like us: