Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОЛИМПИАДАЛЫҚ ЕМЕС СПОРТ ТҮРЛЕРІ ДАМИ ТҮСПЕК

90қаралым
Бүгін «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің мүшелері басқосты. Спорт жанашыларының кездесуінде олимпиадалық емес спорт түрлерінің халықаралық имиджін көтеру бағытындағы жобалар талқыланды.
Бірлестіктің Құрметті Президенті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаевтың айтуынша, жоспарға сай келер жылы атқарылу тиіс жұмыстар аз емес. Сондықтан, жастар арасында бұқаралық спортты насихаттауды жетілдіре түсудің маңыздылығы жоғары. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бірлестіктің бастамаларына қолдау білдіруге дайын екендігін жеткізді.
«Биыл Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ-не олимпиадалық емес 8 спорт түрін дамыту бағытында 15 штат бірлігі берілді. Атап айтқанда, Грэпплинг, Джиу-джитсу, Муайтай, Таэквондо ITF, Әмбебап жекпе-жек түрлерінің әрқайсысына 1 штаттан, Панкратион — 1,5 штат, Ушу саньда — 2,5 штат, Кикбоксинг – 3 штат, Белбеу күресі – 2 штат. Осы аталған бөлімдерде қазіргі таңда 462 спортшы спортпен тұрақты түрде шұғылдануда»,-деді «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Дәурен Тәңірбергенов.
Келелі кеңестен кейін бірлестік мүшелері «Túrkistan arena» стадионында болды. Халықаралық талапқа сай спорт ғимаратынан бірлестік мүшелеріне арнайы жеке бөлме беріледі. Олимпиадалық емес спорт түрімен айналысатын спортшылар жаттығу залдарында шынығуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында ашылған «Туризм және меймандостық университеті мен бірлестік арасында екі жақты меморандумға отыру бойынша келісім жүргізілген. Меморандум бойынша университет ішінен спорт клубын ашу, университет спорт залдарында оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, мектеп спортшыларын аталған университетте гранттық негізде оқыту және жатақханамен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысынан Нұр-Сұлтан қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында ушу және кунг-фудан өтіп жатқан ҚР чемпионатына 10 спортшы, Шымкент қаласында муайтайдан жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігіне 11 спортшы қатысуда.
Please follow and like us: