Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғамМәселе

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

113қаралым

Қазіргі таңда Түркістан қалалық орталық ауруханасына тұмаудың белгілерімен дәрігерлік көмекке азаматтар жиі жүгінуде. Науқастарда дене қызуының көтерілуі, жөтел және әлсіздік байқалған. Медициналық тексеру нәтижесінде науқастардан пневмония, яғни өкпенің қабынуы анықталды. Тексеру барысында науқастардан коронавирус инфекциясына теріс нәтиже шығып жатыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ауруханаға түскен азаматтардан шұғыл түрде Covid-19 инфекциясына талдама алынады. Талдама анықталғанға дейін олар провизорлық бөлімде ем қабылдап, теріс нәтижесі шыққандары аурухана бөлімдеріне жатқызылып, тиісті емдерін қабылдауда.
«Статистика бойынша қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша ауруханаларда 303 науқас пневмониядан ем қабылдауда. Жалпы, 87 азамат жазылып шыққан. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ауруханаларда орын жетіспеушілігі туралы қауесет тарады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ауруханаларда науқастарға төсек-орын жеткілікті. Кентау қалалық орталық ауруханасында 50 орындық соматикалық бөлімше қайта даярланды. Түркістан қалалық орталық ауруханасында да қосымша 30 төсек-орын әзірленген. Орын алған жағдайға байланысты науқастарды жоспарлы жатқызуларға шектеу қойылған. Жеке клиникалар да өздеріне бекітілген тұрғындарға тиісті медициналық қызмет көрсетеді», — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, облыстың бас дәрігері барша тұрғындардан қарантин режимін қадағалап, инфекциясының таралуына жол бермеуге шақырады. Медициналық бетперде тағып, антисептикалық заттарды үнемі қолдануға және екі метр қашықтықты сақтай отырып, қауіпсіздік шараларын қадағалауды ескертті.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов карантин режимі облыс аумағында эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған кезеңге дейін жалғасатынын айтты.
«Эпидемиологиялық ахуал тұрақтануы үшін өсім 1 апта көлемінде 5%-дан аспауы қажет. Егер өсім 2%-дан аспаса, қосымша жеңілдіктер енгізілуіне негіз болады. Ал, өсім көрсеткіші төмендемеген жағдайда, карантиндік талаптар қайта күшейтіледі. Тұрғындарға қарапайым сақтық шараларына ерекше назар аударылуы тиістігін еске саламыз. Атап айтқанда, екі және одан көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде бетперде міндетті түрде тағылуы, әлеуметтік қашықтық (2 метрден кем емес) сақталуы тиіс», — деді Нұрбек Садықбекұлы.

Облыстың бас санитар-дәрігері мыналарға тыйым салынғанын айтты: отбасылық іс-шараларды өткізуге; ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге; сауда-ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі клубтардың, батут және фудкорттардың жұмысына; мал базарларының қызметіне. Карантин режимін және шектеу шараларын сақтамаған тұлғаларға ҚР заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шара қолданылмақ.
Нұрбек Нышановтың айтуынша, Түркістан облысы бойынша коронавирус індетін жұқтырған 594 жағдай тіркелген. Ауырғандардың 7- і қайтыс болып, 265 адам жазылып шыққан.

Please follow and like us: