Бүгін Түркістанда онлайн форматта «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс ХХХIХ конференциясы өтті. Конференцияға Түркістан облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен саяси кеңес мүшелері қатысты. Ал аудандар мен қаладағы партия өкілдері жиынға онлайн режимде қосылды.
Конференцияда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларын баяндады. Партияның облыстық филиалы биыл ауқымды жұмыстар атқарып, игі істерге бастамашыл бола білді.
Елімізде короновирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Осы қиын кезеңде «Nur Otan» партиясы «Біз біргеміз» акциясын үйлестірді. «Jas Otan» ЖҚ белсенділерінен еріктілер жасақталып, мұқтаж отбасыларға «Есіктен – есікке» принципі бойынша азық-түлік себеттері таратылды. Жалпы акция аясында 43540 отбасына азық-түлік себеттері берілген. Оған облыс кәсіпкерлері, партия мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары үлес қосты. Түркістан облысы көмек көрсетілген азаматтар саны жағынан республикада 2-орынға шықты.
«Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған «Біргеміз» республикалық қоры арқылы өңірдегі 34055 отбасына 50000 теңгеден берілді. Тұрғындар партияның бұл бастамасына ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Сонымен бірге өңірде «Өмір» және «Шипа» жобалары қолға алынды. Жоба аясында 50 жасанды тыныс алу аппаратына тапсырыс беріліп, әлеуметтік жағдайы төмен 500-ден астам отбасына дәрі-дәрмек қобдишалары тапсырылып жатыр. Партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2020 жылдың 16 наурызынан 1 тамызға дейінгі аралықта 15 184 арыз-шағым келіп түсіп, 11 553-і /76,1%/ оңтайлы шешіліп, 3631-іне заң аясында кеңес берілді. Жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда арыз-өтініштер саны 6 есеге артқан. Тұрғындардың арыз-шағымын қабылдау әрі өтініштерін шешу бағытындағы жұмыстар бойынша Түркістан облыстық филиалы республикада 2-орында тұр», – деген Б.Дәулетұлы партияішілік праймеризге дайындық барысы туралы да баяндады.
Бүгінде өңірде праймеризге дайындық жүргізіліп жатыр. Дауыс беруге «Nur Otan» партиясының 80720 мүшесі қатысады деп жоспарлануда. Дебаттарды өткізуге және дауыс беруге арналған 209 орын белгіленді.
Онлайн конференцияда партияның Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Жиынды түйіндеген облыс әкімі, партия төрағасы Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарысқа қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын негізге ала отырып, жұмысты жүйелеу керектігіне тоқталды.
«Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Nur Otan» партиясының праймериз өткізуі – отандық партиялық жүйедегі демократияланудың жаңа кезеңінің бастауы. «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша өтетін праймеризде жұртшылықтың әртүрлі әлеуметтік топтарын қамтуға көңіл бөлініп отыр. Сондықтан бүгінгі таңдағы міндетіміз – қоғамдық құбылыстарға, ел тағдырына бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті азаматтарды алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақыру. Партия қатарын мемлекетшіл азаматтармен толықтырып, кадрлық резервті күшейту керек», – деген Ө.Естайұлы партия филиалдарына праймеризді әділ әрі жоғары деңгейде өткізу жөнінде тапсырма берді.