Шымкент қаласындағы «Достық» үйінің «Бірлік» алаңында қолға алынған мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылар саны артып келеді. Бүгінде 30-ға жуық этнос өкілдері аптасына екі рет бас қосып, қазақ тілін оқып-үйренуде.
Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» бірлесе қолға алған жоба аясында жастарға сабақтан, жұмыстан тыс уақытта тіл үйрену курсына қатысуына жағдайлар жасалған.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің хабарлауынша, былтыр «Достық» үйінде ашылған «Бірлік» алаңына жүктелген маңызды төрт міндеттің бірі – этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету болатын.
Айта кетейік, осы бағытта қалалық ассамблея 8 жоғары, 22 орта арнаулы оқу орындарымен екіжақты меморандум түзіп, соның аясында мегаполистегі этнос жастарына мемлекеттік тілді оқыту жобасын іске асырып келеді.
Тіл үйретудің тиімді практикалық әдістерін қолданып, жастарды оқытып-үйретіп жүрген қалалық «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының» оқытушысы А.Оспанованың айтуынша, шымкенттік этнос жастарының басым бөлігі қазақ тілін түсінеді. Бірақ ойын айтудан және еркін сөйлеуден қысылады.
– Курсқа қатысушылардың көбі күнделікті қолданатын мемлекеттік тілдегі қарапайым сөздерді түсінеді. Мәселе – тыңдаушылардың өз ойын қазақша жеткізуінде болып тұр. Қазіргі таңда грамматикадан бұрын өз ойларын мемлекеттік тілде айту кезінде пайда болатын жағымсыз стереотиптер мен уақытша кедергілерді азайту бағытында жұмыс істеп жатырмыз, дейді тіл оқыту курсының оқытушысы А.Оспанова.
Бүгін «Бірлік» алаңында арнайы тіл оқу курсының төрт айлық курсын тәмамдап, сынақтан өткен этнос жастарына оқу орталығының арнайы анықтамасы табысталды.
73
Please follow and like us: