Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ, БЕЙБІТШІЛІГІМІЗ БАЯНДЫ БОЛСЫН

419қаралым

ҚҰРМЕТТІ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР!

Баршаңызды елдігіміздің нышаны болып саналатын «Конституция күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Тәуелсіз ел ретінде ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегендеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция еліміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары бола білді.
Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде
еліміз өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде әлемге танытты.
Екі жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Ата Заңға сүйене отырып қабылданған бұл тарихи шешім еліміз үшін де үлкен жетістік деп білеміз.
Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу — біздің міндетіміз әрі парызымыз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек.
Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені, біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.
1995 жылы 30 тамызда қайта қабылданған Ата Заңымыз еліміздің барлық бағыттағы даму көрсеткіштерінің жоғары болуына өзінің оң ықпалын тигізді. Адамның құқықтары мен бостандықтары басты бағдаршамға айналған Ата Заңымыздың 25 жылдығы тағы да құтты болсын!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бейбітшілігіміз баянды болсын!

Құрметпен, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев

 

 

 

Please follow and like us: