1.2k
Тәуелсіздік күніне орай «Желтоқсан 1986 – Тәуелсіздік таңы» қоғамдық бірлестігінің бастамашыларымен осы тақырыпта кездесу ұйымдастырылды. №80 мектеп-лицейде өткен жиынға Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов, «Аманат» партиясы Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар – Райхан Көлбаева, Гүлбайра Тұрғынбаева, Есенбек Төрехан, Ұлбала Көлбаева және ұстаздар, жастар қатысты.
Аудан әкімі Тәуелсіздік жолында халқымыз сан қилы кезеңдерді бастан өткергенін, ендігі ұрпақ қастерлі құндылығымызды бағалау керек екенін айтты.
– Міне, биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 31 жыл толды. Бұл жолда қазақ жастары ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Желтоқсан көтерілісі Тәуелсіздікке жол ашты. Енді біз азаттық үшін күрескен батырларды құрметтеп, олардың ерлігін танытуымыз қажет. Жастар тарихтан сабақ алуы тиіс, – деді Р.Мүлкеманов.
Қоғамдық бірлестіктің бастамашыларының бәрі де Қаратау ауданының тұрғындары. Тәуелсіз еліміздің өркендеп өсуіне өз үлестерін қосып келеді. Қазіргі таңда олар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласуда.
Қоғамдық бірлестіктің бастамашылары жиында сол бір қиын кезеңдерді еске алып, қазіргі жастарды отанды сүюге, білімді болуға үндеді. Райхан Көлбаева Тәуелсіздіктің қадірін жастарға насихаттау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары одан әрі жалғасын табатынын атап өтті.
Іс-шара соңында аудан әкімі қоғамдық бірлестік бастамашыларын арнайы құттықтап, мерекелік сыйлықтармен марапаттады.
«Шымкент келбеті»
Please follow and like us: