1.2k
«Шымкентте 11 айда жіті респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтыру бойынша 32544 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанғандардың 1,9 есе өскенін көрсетеді. Биылғы тіркелген науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар – 24089 (74%), 15-17 жастан асқандар — 1056 (3,2%), 17 жастан жоғары 7386 (22,6%) адамды құрап отыр». Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Бекбауова Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
— Бүгінде балалар арасында ЖРВИ, пневмония ауруларының өсуіне байланысты, сондай-ақ оларды стационарлық емдеу үшін төсек қоры жеткілікті. Қала бойынша балаларға арналған 374 орын болса, оның ішінде ЖРВИ, тұмау және пневмониясы бар балаларға 287 орын қаралған. Эпидемиологиялық жағдайдың көбеюіне биылғы тұмау маусымының ерте басталуы, халық санының өсуі және өткен жылы COVID-19 жұқтырған пациенттер арасында иммунологиялық қорғаныстың төмендеуі себеп болып отыр. Сонымен қатар, 2009 жылдан бастап жыл сайын елімізде қауіп тобындағы халықты тұмауға қарсы вакцинациялау жүргізіліп келеді. Бұл топқа диспансерлік есепте тұрған созылмалы аурулары бар адамдар, яғни, жиі ауыратын балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша мүгедектер мен қарттар үйлерінің, 60 жастан асқан азаматтары, медицина қызметкерлері және жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер жатады. Мұнда қала тұрғындарының кемі 10 пайызын қамту көзделген. Биыл мемлекет есебінен 134 580 азаматқа тұмауға қарсы вакцинация жасалып, ол қала тұрғындарының 12,6 пайызын құрап отыр. Бұл тиісті топтағы азаматтардың 100 пайыз қамтылғанын көрсетеді, — деді Айгүл Жақыпқызы.
Айта кетейік, мамандар ауа райының құбылмалы кезеңінде жіті респираторлы вирустық инфекцияның таралуы күрт көбейетінін ескерте келе, адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда медициналық бетперде қолданып, санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Сондай-ақ, дәрумендер ішіп, иммунитетті көтеру маңызды екенін айтты.
«Шымкент келбеті»
Please follow and like us: