ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА ТҮРІК ИНВЕСТОРЛАРЫ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЕНДІРУГЕ АТСАЛЫСПАҚ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарын аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты. Ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып, жүгері егуге ниет білдірген түрік инвесторларымен кездесті. Облыс әкімі инвесторлармен зауыт ашу мәселесін талқылады. Мемлекеттен қолдау болатынын айтып, Түркия елінен келген кәсіпкерлерге негізгі талаптарды түсіндірді.
– Бізге ең керегі — халықты үйрету. Жаңа кәсіпті дамытудың жолдарын, оның қыр-сырын жергілікті түрғындарға үйрету керек. Жаңа кәсіп бастауға Түркістан өңірінің әлеуеті мол. Зауытты Түркістанда ашуды ұсынамын. Қолдау болады. Өңірде су үнемдеуден технологияларын ендіру жұмыстарына күш салынған. Шаруаларға қолдау көрсетіледі, – деді өңір басшысы.
Аймақ басшысы Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тамшылатып суару әдісін пайдалану бойынша жұмысымен танысты. Егістік алқабы 286,5 гектарды құрайды. Биыл шаруа пияз және бақша дақылдарын еккен. Шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісі арқылы өнімдерін өсіруде.
Дархан Сатыбалды Шардара қаласындағы «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасында болды. Киім-кешек, көрпе-төсек, аяқ-киім, әскери киім, мектеп киім үлгісі, арнайы киімдер тігіп шығаратын цехта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл жобаға кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен 200 млн теңге инвестиция тартылған. Кәсіп иесі Бақтыкерей Омар мемлекеттік қолдау арқылы жылына өндіретін өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.
Кәсіпкерлермен кездескен өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды күшейтуді тапсырды.