ТҮРКІСТАН: САУРАНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ИНВЕСТОРЛАР ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын дамыту бағытында инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, жүйелі жолға қоюды міндеттеген болатын. Осы бағытта Сауран ауданы да балық шаруашылығын дамыту қолға алынды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы Өзбекстаннан келген инвесторлармен кездесіп, балық шаруашылығын дамыту бағыты талқыланып, келіссөздер жүргізілді.
Кездесу барысында Жизақ облысы, Шароф Рашидов ауданындағы «Gold Fish agro» балық аулау кластерінің басшысы өз қызметтерімен таныстырды. Аталмыш кластердің құны 30 миллиард сумды құрайтын бұл жоба жұмыртқа дайындау, балық өсіру, өңдеу, жем-шөп өндіруді қамтиды. Кластердің аумағы 43 гектарды құрайды. Жылына 500 тонна балық өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар кездесуде жүзім шаруашылығын дамытуға қатысты жобалар талқыланды.
Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері – балық аулау және оны көбейту, оның өнімдерін өңдеу. Бүгінде тұрғындардың сұранысына орай, ауданда балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлер саны артып келеді. Бүгінде Сауран ауданының аумағында балық өсірумен 18 кәсіпкер айналысса, оның 3-уі былтырғы жылы кәсібін іске қосты. Бүгінде кәсіпкерлер шағын бассейн салып, балық өсіріп, көбейтуді жолға қойған.
Айта кетейік, Өзбекстан Республикасынан келген инвестормен кездесуді Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды.