Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

ТҮРКІСТАН: ОРМАН ЖӘНЕ ДАЛА ӨРТТЕРІНІҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

88қаралым
Түркістан облысында орман және дала өрттеріне қарсы күресте әкімдіктер, жауапты басқарма мен табиғи парк ұжымдары және Төтенше жағдай департаменті бірлесе жұмыс атқарады. Өрттің алдын алу мәселесі талқыланған мәжілісте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшылардың есебін тыңдап, нақты тапсырмалар берді.
– Төтенше жағдайға дайын болу керек. Табиғи парктер, қорықтар мен Төтенше жағдай департаментінің техникалық қамтылуын тағы да бір сараптап шығыңыздар. Қажетті көліктер бойынша бюджетке ұсыныстар енгізілсін. Екіншіден, үнемі өзара байланысып, бірігіп жұмыс істеу қажет. Өртке қарсы күрес – бәрімізге ортақ жұмыс. Қайдан өрт шықса да, бір мекемеге сілтемей, бірігіп сөндірген жөн. Орман, дала өрттерінің алдын алу, болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдансын. Орман қорындағы өрт шығуы мүмкін учаскелерде күзет бекеттері белгіленіп, кезекшіліктер ұйымдастырылсын. Облыс аумағында өртке қарсы минералды жолақтарды жырту жұмыстарын 10 күн ішінде толық аяқтауды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыста жалпы 12 орман шаруашылығы мекемесі орналасқан. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты мекемелердің («Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» корықтары, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі) иелігінде – 304,6 мың га (облыстың жалпы орман қорының 8,8%). Облыс әкімдігіне қарасты 3144,1 мың га мемлекеттік орман қоры жерлері (91,1%) «Бадам», «Отырар», «Созақ», «Шардара», «Жасыл желек», «Жасыл аймақ» және «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне бекітілген.
Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, орман қорларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орман шаруашылықтарымен бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, тікұшақтардың, өрт сөндіру техиналарының су алу аумақтары көрсетілген картасы әзірленген. Облыс аумағында орналасқан орман шаруашылықтары 362 адамды құрайтын өрт-химиялық станцияларымен қамтамасыз етілген. Осы орман шаруашылықтарында жалпы 22 өрт сөндіру автокөлігі мен 50 бейімделген қосалқы техника, 48 өрт бақылайтын биік мұнара бар.
Департаментпен және барлық ТЖ басқарма бөлімдерімен өрт оқиғасы кезінде хабарлау схемасы бекітілген.
Мәжілісте Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің, өңірдегі ұлттық парктер мен қорықтар басшыларының өртке қарсы дайындық жөнінденгі есептері тыңдалды. Сонымен бірге аудандық маңызы бар жолдарда минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілмеген Түлкібас, Қазығұрт, Ордабасы, Созақ, Келес, Сарыағаш аудандарының әкімдеріне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді. Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында минералдық жолақ жүргізу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Please follow and like us: