ҚР ІІМ министрлігінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы ПД ұйымдастыруымен «Міндет.Абырой.Ерлік» атты ішкі істер органдары мен бөліністерінің қызметкерлері арасында көркемөнерпаздардың аймақтық вокалдық байқауы өтті. Оған барлық полиция басқарма, бөлімдерінің 20-ға тарта өнерлі қызметкерлері қатысып, бақ сынады. Конкурс барысында полицейлер патриоттық бағытта ән шырқады. Іс-шараның мақсаты — Қазақстан халқының бірлігін насихаттап, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарды көрсету.
Тәртіп сақшыларының сахнадағы өнерін бағалау мен жеңімпаздарды анықтауда әділ қазылар алқасы құрылып, репертуардың шығармашылық бағыты, орындаушылық шеберлігі мен деңгейі, сахналық костюмдерге баса назар аударды. Нәтижесінде жүзден жүйрік болған полицейлер, жүлделі орындарға ие болды.
Мәселен жеке орындаудан І-орынды Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкері полиция капитаны Айгүл Қалиева «Алия» әнін нақышына келтіре жанды дауыста орындап иеленді. Ал ІІ-орынды Сарыағаш аудандық Полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция майоры Ақтолқын Кубегенова қанжығалады. ІІІ-орын домбырамен терме айтқан Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкері Ермек Тұрғанбековке бұйырды. Одан бөлек Келес аудандық полиция бөлімінен Шерхан Рахматилла, Созақ аудандық полиция бөлімінен Дархан Әлиев ынталандыру сыйлығын иеленді.
Сондай-ақ дуэт болып ән орындаудан топ жарып, үздік болған Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Бекжан Усенбаев пен Михаил Крокус І-орын алды. Дуэт бойынша Қазығұрт аудандық полиция бөлімінен Перизат Иманова мен Дәурен Жұмабек, Жетісай аудандық полиция бөлімінен Жанарыс Өскенбай мен Тойсұлу Нартайға ынталандыру берілді.
Барлық жеңімпаздарға ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың грамотасы мен бағалы сыйлығы табысталды. Жеңімпаздар Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
84
Please follow and like us: