Түркістан облысы, Шардара ауданында шіркейге қарсы биылғы дезинсекциялау жұмыстарын жүргізу басталды. Алдымен ұзындығы 352 шақырымды құрайтын Сырдария өзені 6 бөлікке белгіленіп, әрбір 60 шақырымы дәріленеді. Мамандардың айтуынша, дәрілік заттың төрт түлікке, ара, балық және басқа да тіршілік иелеріне зияны жоқ.
Жалпы 2024 жылға дезинсекция шараларын өткізуге және ғылыми сүйемелдеу жүргізуге облыстық бюджет есебінен тиісті қаржы қаралған. Түркістан, Кентау, Арыс қаласында және Отырар, Шардара, Мақтаарал мен Келес ауданында дезинсекция жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекеме ретінде «Satti Tulik» ЖШС анықталды.
Дернәсілдермен күресу үшін биологиялық препараттарды суға жіберу әдісін, ал су қорғау аймақтарын, яғни жағалаудағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химиялық өңдеу әдісін қолдану жоспарлануда. Дезинсекция жұмыстарының нақты жүргізілетін өңдеу алаңы, уақыты, дозасы, препараттардың көлемі ғылыми сүйемелдеудің қорытындысына сәйкес белгіленеді.
Биылғы 8 ақпанынан бастап ғылыми сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген. Аталған бағыттағы жұмыстарды қамтамасыз ету үшін 42 техника, 96 жұмысшы күші жұмылдырылған.
Екі апта бұрын Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жауапты қызметкерлері, аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері, аудан, қала мәслихат депутаттары және БАҚ қызметкерлері «Satti Tulik» ЖШС мекемесінің дезинсекция жұмыстарын қадағалады. Ұшақ, техникалар және жұмысшы құраманың дайындық барысымен танысты. Дезинсекция жұмыстары басқарманың қатаң бақылауында болады.
Айта кетейік, былтыр дезинсекция шаралары облыс аумағында наурыз айынан бастап маусым айына дейін жүзеге асырылды. Шыбын-шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктермен күресу жұмыстары химиялық (кардинал, фипрон) және биологиялық (бактицид) әдістерімен жүргізілді.
59
Please follow and like us: