Биыл Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда 13 инвестициялық жобаның жүзеге асуы жоспарлануда. Жобалардың жалпы құны 5,8 млрд. теңгені құрайды. Нәтижесінде, өнеркәсіп алаңының іске қосылуы 375 адамның жаңа жұмыс орнымен қамтылуына мүмкіндік береді.
Аталған жаңа кәсіпорындарда кеңсе жиһазын өндіру, асфальтті бетон, газобетон, темір бетон, керамзитті кірпіш, мобильді жылжымалы контейнер, темір есік, құрылыс блоктары мен металл тор және т.б өнімдер өндірілетін болады.
Жалпы, өңірде 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олардың жалпы аумағы 538 гектар. Соның ішінде Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт аудандарында инвестициялық жобалар жүргізілуде. Ал, Бәйдібек, Түлкібас, Шардара индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жұмыстарының құрылысы жүруде.
Бүгінгі таңда аталған индустриалды аймақтарда құны 44,4 млрд. теңге болатын және 3092 жұмыс орнын құрайтын 63 жоба орналасқан. Соның ішінде қазіргі таңда іске қосылған 44 жобада 2500-ге жуық адам қызмет етіп жатыр. Айта кетерлігі, өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақ қатысушылары 14,6 млрд. теңгеге өнім өндірді. Биыл ашылатын жобаларды қоса алғанда, осы жылы өндірілетін өнім мен қаржы көлемі ұлғаяды деп күтілуде.