Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 600-ГЕ ЖУЫҚ ЖАСҚА 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ

66қаралым
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов айтты.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде мемлекеттік бағдарламалар арасында жастардың тегін оқуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіппен айналысуына арнайы бағдарламалар биыл молынан қарастырылған. Бұл орайда, жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріле бастады. Биыл бұл бағдарлама аясында еліміз бойынша 5,8 мың жас 5 млн теңге сомасында шағын несие ала алады. Ал Түркістан облысы бойынша 594 жасқа жеңілдетілген шағын несие беру мақсатында 2,9 млрд теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда 155 жоба қабылданып, 25 жоба арнайы комиссияның қарауына өтті. Несиелер «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы беріледі. 3 мамыр күні комиссия отырысы өтеді. Онда үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады. Өтінім бергендердің дені мал бағу мақсатын көздеп отыр. Осы орайда айтарым, облыстың ерекшелігін ескере отырып, тың әрі инновациялық жобалардың ұсынылғаны абзал. Оның ішінде сұранысы жоғары салалар қамтылғаны құба-құп болар еді. Еңбекке, кәсіпкерлікке, білім мен ғылымға бейім жас азаматтарымызды әрқашан қолдаймыз, — деді Тұрар Керімұлы.
Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Азат Муйтембаевтың айтуынша, несие мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін, басқа бағыттар үшін – 5 жылға дейін, көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін – 3 жылға дейін беріледі.
– Несие алушылардың жасы 21-ден 35-ке дейін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі. Ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Несие 5 жылға, яғни 60 айға берілсе, жеңілдікті кезең 20 айды құрайды. Бұл ретте, қолынан іс келетін жаңа толқын мүмкіндіктен шет қалмауы тиіс, — деді Азат Мақсұтұлы.
Айта кетейік, жоба шеңберінде кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі жер немесе арнаулы техника қабылданады. Үміткер үйленген не тұрмыста болса, жұбайының нотариалды рұқсаты керек. Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесіп Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы кездесулер мен насихаттау жұмыстары жылдың соңына дейін жалғаспақ.
Please follow and like us: