Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМәселе

ТҮРКІСТАН: ОНОМАСТИКАЛЫҚ КОМИССИЯ ТҰЛҒАЛАР ТІЗІМІНЕ ЖАҢА ЕСІМДЕРДІ ҚОСУДЫ ҰСЫНДЫ

112қаралым
Түркістан облысында бірнеше көшеге тарихи тұлғалардың есімі беріледі. Бұл мәселе Түркістан облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысында талқылоанды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткн жиынға облыстық ономастика комиссиясының мүшелері мен тиісті аудан әкімі орынбасарлары қатысты. Күн тәртібінде Сарыағаш, Мақтаарал, Созақ, Түлкібас аудандарындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау бойынша келіп түскен ұсыныстар мен Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізуге ұсынылатын тұлғалар тізімі қаралды.
– Ескерусіз қалған тұлғаларды ұмыт қалдырмауымыз керек. Ономастика комиссиясының алда тұрған міндеті зор. Келесі отырысқа дейін сарапшылық топ құру қажет. Бұл кеңес түрлі ұсыныстарға талдау жасап, комиссияға толымды мәлімет ұсынады. Талдау нәтижесінде біз тиісті министрлік пен республикалық комиссияға жолдаймыз. Ономастикалық атаулардың жиі қайталанып кетпеуін қадағалау керек. Елге еңбегі сіңген ардақты азаматтар, тұлғалардың есімін тізімге қосқан жөн. Өйткені көшелер мен елді мекендерге тарихи тұлға есімін берудің идеологиялық мән-мағынасы бар, өскелең ұрпақ біліп, танып өседі, – деді комиссия төрағасы Бейсен Дәулетұлы.
Комиссия мүшесі, зейнеткер Серікбай Ибадуллаев Түркістан облысынан ономастикалық тізімге ұсынылған тұлғалар қатарындағы қос азамат – Айтмұхаметов Қосман Қайыртайұлы мен Өсербаев Әліпбек Шәріпбекұлының есімдерін дәріптеу туралы ұсыныс білдірді.
Отырыс нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу үшін 17 тұлғаның аты-жөні жолданды. Олардың арасында соғыс ардагерлері, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, лаңкестермен шайқаста қаза тапқан сарбаз бен өзге де азаматтар туралы ұсыныстар бар.
Мақтаарал ауылдық округіндегі идеологиялық тұрғыдан ескірген ҚазССР-нің 40 жылдығы ауылы Әл-Фараби ауылы деп, сонымен қатар, тағы 1 елді мекеннің, атауы қайталанатын 2 көшенің атаулары өзгертілетін болды. Ал атауы жоқ 14 көшеге Кенесары хан, Шәкәрім, Шәкен Айманов, Махамбет Өтемісұлы, Қасым Қайсенов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Шерхан Мұртаза, Мұстафа Өзтүрік және өзге де тұлғалардың аты беру жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты. Енді жергілікті әкімдіктер бұл шешімді заңдастыру жөнінде жұмыстарын жалғастырады. Өзгертілген және жаңадан берілген атаулар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінен келісілген «Тарихи тұлғалар» тізімінен, сондай-ақ тарихи жер-су атаулары мен дәстүрлі атаулар тізімінен алынып отыр.
Please follow and like us: