Абай ауданына қарасты Солтүстік саяжай елдімекенін сапалы электр қуатымен қамту толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін абоненттеу жұмысы басталды.
Қала әкімі аумаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері де болды.
Құрылыс барысында 4 773 электр бағанасы мен 70 трансформатор орнатылып, 145 шақырым электр желілері тартылды.
Бұған дейін Солтүстік саяжай елдімекені тұрғындары жекеменшік желіден сапасыз электр қуатын тұтынып келген болатын. Ең бастысы, осыған дейін тұрғындарымыз 1кВ электр қуаты үшін 30-35 ₸ төлеп келген болса, қазір ол баға арзандап, 17,96 ₸ түсті.
Енді тұрғындар қажетті құжаттарды «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС мекемесіне өткізу арқылы мемлекеттік желіден электр тұтына алады.
Жалпы жұмыс нәтижесінде, Солтүстік саяжайдағы 5 784 абонент сапалы электр қуатымен қамтылмақ.
Айта кетейік, биыл сапалы электрмен қамту мақсатында 6 елдімекенде құрылыс жұмысы қарқынды жүруде.
Жыл қорытындысымен, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмысы аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алады.
Биылғы қамтылу көрсеткіші 98 пайызға болса, 2023 жылы мегаполистегі барлық елдімекендер 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.