Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғам

ШЫМКЕНТТЕГІ ОЙЫНШЫҚ ШЫҒАРАТЫН ЕЛІМІЗДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦЕХ ТУРАЛЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

158қаралым

Шымкентте ойыншық шығаратын “Наурыз пластик” цехы туралы көбі біле бермейді. Бұл өндірістің ойыншықтарын сауда орындары мен базар сөрелерінен табуға болады.

Кәсіпкер Рабиға Байтемірова 2005 жылдан бастап Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен ойыншық әкеліп сатумен айналысқан.

Кейіннен “біз неге ойыншық шығармаймыз? неге цех ашпаймыз?” деген ой келеді.

Бұл ойды Қытайдың Хон-жоу қаласында білім алып жүрген ұлы Наурызбек де қостайды. Ол сабақтан тыс уақытта зауытқа жұмысқа орналасып, ойыншық шығарудың әдіс-тәсілдерін меңгереді.

Бес жыл бұрын “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 10,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, оның үстіне өздерінің бар жиған-тергенін қосып, Қытайдан арнайы қондырғылар сатып әкеледі.

Осылайша елімізде ең алғашқы болып ойыншық шығаратын “Наурыз пластик” цехы ашылады.

“Мак “ жүк көліктері мен құрастырмалы “Лего” шығарудан бастаған “Наурыз пластик” ұжымы бүгінде 20 түрлі ойыншық шығаруда. Олар Ресей, Қырғызстан мен еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Петропавл, Көкшетау, Қызылорда тағы басқа қалаларына жөнелтіледі.

Кәсіп иелері басында техниканың тілін түсінбей, ойыншық бөлшектерін дұрыс шығара алмай, маман таппай қиындыққа кезіккен. Сосын үйдің отағасы Шухрат мырза Қытайдың екі қаласына барып, оқып, үйреніп қайтыпты.

Рабиға Байтемірова да Корея, Қытай, Өзбекстан елдерінде болып, осы саланың білгір мамандарынан кеңес алған.

Осылайша қазір бұл цехта айына 5000-7000 ойыншық шығады. Бизнесін дөңгелетіп отырған отбасы 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

“Біз шикізатты Иран, Өзбекстаннан алдыртамыз. Ең таза сұрпын пайдаланып, бала денсаулығына қауіпсіз, экологиялық таза болуына аса мән береміз. Сапалы. Біздің ойыншықтармен балалардың ойнап жүргенін көрсек, мәз болып, қуанып қаламыз”, — дейді «Наурыз пластик» иелері.

Автор: Айгерім Бегімбет

Please follow and like us: