Шымкент қаласындағы Тұлпар көлінің маңында заманауи тұрғын үй орамы бой көтереді.
Жобаның таныстырылымына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Ауданы 500 мың шаршы метртді құрайтын орамның құрылысын отандық «BI Group» компаниясы жүргізеді. Олар озық технологияларды қолдана отырып, комфорт және бизнес санаттағы тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.
«Біз әлеуметтік инфрақұрылымға жіті көңіл бөліп отырмыз. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылады. 6 жыл ішінде 1500 орындық жаңа мектеп пен емхана салынады. Тұрғын үйлердің бірінде балабақша болады. Сондай-ақ, Тұлпар көлінің жағалауын абаттандыру жоспарланған» — деді компания басшысы Айдын Рахымбаев.
30 гектардан астам аумақты қамтитын жобаның құрылысы 2021 жылдың көктемінде басталады. Ол дендро саябақ, зообақ және «Қазына» этнопаркінің маңайында орналасады.
Бәйдібек би даңғылындағы ипподром қаланың бас жоспарына сәйкес, жаңа орынға көшіріледі. Аталған компания оны өз қаржысы есебінен салады.
Сондай-ақ, нысанды салу кезінде 8500-ден астам жұмыс орны ашылып, оның ішінде 2500-і қызмет көрсету саласында болады. Құрылыс материалдарын өндіру, арнайы техниканы жалға алу, жиһаз бен тұрмыстық құралдарды сату белсенді дамиды деп күтілуде.
Инфрақұрылымы жан-жақты дамитын жаңа орам заманауи, әрі экологиялық тұрғыда таза болмақ. Үй қасбеттері еуропалық панельдерден тұрса, тұрғындар мен қонақтардың жайлылығы үшін жобаларды басқарудың жаңа жүйелері мен «Smart Home» ақылды үй қызметін енгізу жоспарланып отыр.
Жобаға сәйкес мұнда демалыс орындары, спорт және балалар алаңшалары, жаяу жүргіншілер, жүгіру және велосипед жолдары салынады. Ал, тұрғын үйлердің бірінші қабаттары коммерциялық үй-жайларға беріледі.