Шымкент қаласында педагогика саласы қызметкерлерінің онлайн тамыз конференциясы өтті. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев, «NUR OTAN» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, аудан әкімдері, ардагер ұстаздар және білім басқармасының, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Олар саладағы өзекті мәселелер мен жетістіктерді саралап, жаңа оқу жылына арналған міндеттерді айқындады. Онлайн режимінде өткен іс-шараға барлығы 10 мыңнан астам адам қатысты.
Конференцияда қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы 2019-2020 оқу жылында атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа оқу жылында 14 940 бастауыш сынып оқушысы үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, 996 кезекші сынып ашылады. Олар тек бір кабинетте бір мұғаліммен ғана оқиды. Үзілістер әртүрлі уақытта, сыныптағы балалар саны 15-тен аспайтын болады екен.
Бүгінде мектептер «Bilim Iand — Onlinemektep.orq» интернет платформасында қашықтан оқытуға толығымен дайын. Шымкент қаласынlа сервер орнатуды «Қазақтелеком» АҚ арқылы қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар, 36 мектепке ішкі әжетханалар орнату мәселесі шешіліп, 136 мектеп 100 пайыз бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілді.
Кеңес барысында шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы жыл сайынғы жаңа оқу жылы алдында өткізілетін тамыз кеңесі ұстаздар үшін маңызды жиын екенін атап өтті.
«Елімізде алғаш рет балалар жаңа оқу жылын қашықтан оқумен бастауда. Қашықтан оқу барысында көптеген қиыншылықтарға қарамай ұстаздарымыз үнемі іздене отырып, бірлігімен, белсенділігімен, жауапкершілігімен қала абыройын асқақтата білді. Бірлесе атқарған еңбектеріңіз үшін барлықтарыңызға алғысымды білдіргім келеді»,- деді қала әкімі.
Сондай-ақ, білім саласының басшыларына жаңа оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында санитарлық талаптардың сақталуын, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алатын барлық қызметті цифрландыруды, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальды оқытуды және «Жас маман» жобасы бойынша жұмыстарды сапалы жүргізуді тапсырды