Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

КӨНЕ ШАҺАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРІН АЙШЫҚТАЙТЫН КӨРМЕ ӨТТІ

86қаралым
«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуына орай үшінші мегаполистің Этнопаркінде дәстүрлі мәдениет және ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қаланың өзіне ғана тән ерекшеліктерінің бірі, ол – тарихи өзегін сақтап қалғандығы екені айтылып келеді. Бүгін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен көрме де сол бабадан қалған ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қастерлейтін іс-шара.
Аталған мекеме директоры Сұлтан Сраилов бұл көрменің маңыздығына былай тоқталды: – 2200 жылдық тарихы бар Шымшаһарымызда мәдениеттің гүлденіп дамығанын айдай әлемге айшықтап айтып жатырмыз. Қаламыздағы ағаштан түйін түйген, күмістен арқан ескен шеберлерді шақырып, көрме ұйымдастырдық. Бұл өскелең ұрпақ ата-бабаларының немен айналысқанын біліп, көкірегіне түйіп өссе, соған мақтанатындай білімді болса деген ниеттен туындап еді, — дейді С.Сраилов.
Мәселен, «Тастемір» ЖК иесі Нұрперзент Үсенов көрмеге ясин, жаңғақ ағаштарынан істелген оюлы домбыра түрлерін, қазақтың өрілген оюлы қамшысын алып келіпті. Шебер алдағы уақытта қазақтың бесігі мен сандығын да жасамақ ниетте екен.
Ал қолөнер шебері Мұратәлі Көшкінбаевтың қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтары, оның ішінде қымыз жиынтығы, ағаштан жасалған астаулар, қуырдақ астауы, торсықтар, бөренеден жасалған қобдиша, кеселердің түр-түрі көздің жауын алады. Ағаш ұстасы: «Сандық десе, баяғы әжелеріміздің көне сандығын елестетеміз. Торсық тек теріден жасалады деп ойлаймыз. Әсілі, барлығын заман ағымына орай жаңартып, жаңғыртуға болады», — дейді. Оның тұт ағашынан жасалған «Ана» атты өнер туындысы ерекше екен. Тағдыр жазуларын бейнелейтін бұйым асқан талғаммен жасалғанын аңғарғандайсыз.
Қаламызда белгілі этнограф, «Қылует» этномузейінің директоры, саз бен балшықтан бұйым жасаушы Кендебай Қарабдаловты білмейтін жан кемде-кем шығар. Ол көрмеге ежелгі Отырар қаласында тұрған адамдардың құмыра жасау өнерін көрсету үшін арнайы келіпті.
Бізде дәстүр жоғалған жоқ. Тек соны осы заманға бейімдеп, көрсете білу керек. 2015 жылы бүкіләлемдік ТЕДх байқауына қатыстым. Қазірде 20 миллион шетелдік азамат қазақтың мәдениетін мен арқылы көріп отыр. Саз балшықтан 5 мыңға тарта сазсырнай жасаппын. Қазіргі жастар темекі тартқанша сазсырнай тартсын, — дейді шығармашылық жұмыстарының бір парасымен бөліскен қолөнерші. Оның сүрелер жазылған тұмаршалары да көпшіліктің сұранысына ие.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми ағартушылықты қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Гүлшат Жақанқызының айтуынша, Ұлы Жібек жолымен бірге оңтүстік арнасынан Сырдың бойы, Таразға дейінгі аймақ біздің қолөнер шеберлерінің дамыған аймағы деп есептелген. Былғары, күміс зергерлері, ағаш шеберлеріміздің жасаған дүниелері бүкілтүркітілдес елдердің барлығына жіберілген. Сол себепті оңтүстік өңірін шеберлер өңірі деп атайды. Бүгінгі көрме сол керуенді көз алдымызға келтіретін іс-шара. Испиджаб, Шымкент, Яссы, Отырар, Сауранның шеберлері керуеннен түсе қалып, өз өнімдерін жайып жіберіп, халыққа ұсынды. Олардың бәрі де көне дүниелердің қолданысқа енетін, жастарды қызықтыратын нұсқаларын жасап алып келген.
Авт: Мөлдір Кенжебай, Шымкент.
Please follow and like us: