Шымкентте қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен медициналық мекемелердің жанынан тәулік бойы жұмыс істейтін 58 мобильді топ құрылған болатын. Бұгінде олардың саны 197-ге жетті. Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимирхан Варзилов ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
– Шымкент қаласындағы емханалар жанында бұған дейін 58 мобильді топ жұмыс істеп келген болса, бүгінде оның саны 197-ге жетті. Олар 16 мыңға жуық науқасқа үйге арналған станционарлық қызмет көрсетті. Сонымен бірге 45 мың пациентке мобильді бригада қызметі арқылы үйлеріне дәрі-дәрмек жеткізілді. Атқарылған жұмыстар қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына өз әсерін тигізді. Нақтырақ айтқанда, жедел жәрдем көмегін шақыртушылар саны күніне 38 пайызға азайды»,- деді Т. Варзилов.
Сондай-ақ брифингте салаға жауаптылар стационарларда ем алушы науқастардың саны төмендегенін мәлімдеді. Соңғы он күнде науқастар саны 2882-ден 1240-қа дейін азайған. Нәтижесінде стационарлардағы төсек орынның жүктемесі 78,7 пайыздан 33 пайызға дейін кеміп отыр.