51
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов «Шымкент сити» жаңа шағын ауданында бой көтерген Конгрес-холл құрылыс жұмыстарына кезекті рет шолу жасап қайтты. Нысан құрылысы қазір кестеге сай жүргізілуде, сондықтан 75%-ға дейін дайын. Аяқталу мерзімі биылғы жылдың үшінші тоқсаны деп күтілуде.
Айта кетейік, үшінші мегаполистің келбетін ашатын Конгресс-холл көп функциялы мәдени және ойын-сауық сарайы ретінде ашылмақ. Мұнда халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге мүмкіндік мол.
Конгресс-холл екі блокқа бөлінген, үш қабаттан тұрады. Бірінші блокта мәдени көпшілік іс шараларға, спектакльдерге арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2066 орындық көрермендер залы орналасқан.
Сондай-ақ, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет бар. Екінші және үшінші қабаттарда көркемдік және киім-кешек бөлмелері, сахнаға қызмет көрсету үшін техникалық бөлмелерді де осы бірінші блоктан көруге болады.
Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы жоспарланған. Сонымен қатар, қолөнершілер дайын бұйымдарын қоя алатын көрме алаңы, қолөнер тарихымен танысу үшін бірінші қабаттағы мультимедиялық кабинет, қазақ ұлттық билеріне арналған үлкен би залы, музыкалық зал, қазақтың дәстүрлі үстел ойындарына арналған кабинет те осы әсем ғимараттың еншісінде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Please follow and like us: