Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарМедицина

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШҚЫ ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

839қаралым

Шымкентте «MIG QAZAQSTAN» ядролық медицина орталығы ашылды. Инвесторлардың қаржыландыруымен ашылған бұл орталық заманауи технологиялық аппараттардың көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетеді.
Жиынға Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, жоба инвесторы «Алмалы» холдингі бас директорының орынбасары Б.Сапаров қатысып, ядролық медицина орталығының мүмкіндіктерімен танысты.
— Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «МедИнвестГрупп Қазақстан» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асты. Мемлекет тарапынан орталық ғимаратын тұрғызуға қаржы қарастырылып, өзге жұмыстар инвестордың қаржысына атқарылды. Қаламыздағы бұл орталық республикадағы үшінші ірі орталыққа айналмақ. Орталықта онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтап ғана қоймай, науқастарға заманауи ем-дом жасауға мүмкіндік туып отыр. Әсіресе, сәулемен емдеуге арналған соңғы үлгідегі жабдық алынды. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл республикада ғана емес, Орта Азияда бірінші болып Шымкентте орнатылып отыр. Геосаяси және пандемия жағдайларына байланысты орталықтың ашылуы 4 айға кешікті. Десек те, инвесторлардың қажырлы еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Бір аптаның ішінде 22 кісі ем алып үлгерді. Сондай-ақ, қызметкерлер арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтті, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Мамандардың айтуынша, жоба аясында радиофармпрепараттардың кеңейтілген желісін және онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жоғары дәлдіктегі радиология орталығын пайдалана отырып, радионуклидтік диагностика орталығын құру көзделіп отыр.
— Шымкентте ядролық медицина орталығы ашылып, мұнда Siemens компаниясының компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ/КТ) аппараты орнатылды. Бұл құрылғы шымкенттіктерге тереңдетілген диагностика жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, ПЭТ/КТ аппараты орнатылғанға дейін біз науқастарды Алматы, Астана қалаларына жолдама негізінде жіберіп отырдық. 2022 жылдың 10 айында 240 науқастың жолға шығуына тура келді. Құрылғы күніне 20 адамға диагностика жасай алады. Яғни, бұл Шымкентті толық қамтамасыз ете алады. Себебі, айына ПЭТ/КТ көмегіне 20-30 кісі жүгініп келген. Бұл бізге көршілес облыс-қалалар мен көршілес мемлекеттердің де азаматтарына көмек көрсетіп, медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, бұл орталықта науқастарды сәулелі терапиямен емдеу шаралары қолға алынып отыр. Бүгінге дейін мыңға жуық науқас ем алып үлгерді. Varian фирмасының Halcyon сәулелі емдеу жүйесінің қатерлі ісікті емдеудегі көмегі зор. ПЭТ/КТ республикада 2-3 қалада болса, Halcyon сәулелі емдеу жүйесі республикада алғаш болып Шымкентте орнатылып отыр, — дейді қалалық денсаулық басқармасының басшысы Н.Асылбеков.
«MIG QAZAQSTAN» ядролық медициналық орталығының директоры Дәулет Ержановтың айтуынша, орталық жылына ПЭТ/КТ аппаратында 5 мыңға жуық азаматқа диагностика жасап, қатерлі ісікке шалдыққан 5 мыңдай науқасқа Halcyon сәулелі емдеу жүйесі арқылы көмек көрсете алады.
— Ядролық медицина орталығының ашылуы — оңтүстік өңірдің ғана емес, еліміздің медицинаны дамытуға жасаған үлкен қадамы. Әрине, халықтың аман-сау болғанын тілейміз. Өмірде түрлі жағдай болады. Орталықтағы заманауи құрылғылар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, оны өзге органдарды зақымдамай, ауыртпай емдеуге арналған. Бұл еліміздің өмір сүру жасын ұзартуға да септігін тигізетіні сөзсіз. Жобаға жалпы құны 6,5 млрд теңге қаржы жұмсалды. Біз ары қарай да орталықты дамытып, оңтүстіктегі ядролық медицинаның хабына айналдыруды көздеп отырмыз, — деді Бақыт Сапаров.
Орталықтың радиологы О.Ақжолдың айтуынша, ядролық орталықтағы диагностика белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады екен.
— Әуелі, науқас дәрігерден жолдама алып, ядролық медицина орталығының қабылдауына жазылады. Одан кейін қабылдаудан 36 сағат бұрын арнайы диеталық режимді сақтай отырып, зерттеуге дайындалады. Орталыққа келіп, радиофармпрепаратты қабылдаған соң 50 минуттай дәрігердің бақылауында болып, ПЭТ/КТ аппаратына кіреді. Радиолог науқасты 20 минуттай аппаратқа түсіріп, деректерді өңдейді. Ал, дәрігер 2 тәуліктен соң ұйғарым шығарады, -дейді ол.
Айта кетейік, орталықта медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін және қолжетімді зерттеулер жүргізілмек. Сондай-ақ, мамандар ерте анықталған қатерлі ісікке дер кезінде ем-дом жасаса, дерттен айығу мүмкіндігінің молая түсетінін алға тартып отыр. Яғни, орталықтағы құрылғының бірі дертті ерте анықтауға, екіншісі науқастың өзге ағзасына зиянын тигізбей, қатерлі ісікті сәуле арқылы емдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл еліміздегі өлім-жітімді азайтып, халықтың өмір сүру жасының ұлғаюына да септігін тигізбек.

Please follow and like us: