Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғамМәселе

ШЫМКЕНТ: ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ ТҰРҒЫН ҮЙДІ 3 МЛН. ДЕЙІНГІ ЖЕҢІЛДІКПЕН АЛУҒА БОЛАДЫ

68қаралым

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында «Отбасы банк» АҚ-ның Шымкент қалалық филиалының директоры Д.Саудабаев пен директордың орынбасары Н. Сұлтанов арнайы БАҚ өкілдеріне берген баспасөз брифингінде айтты.
«Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі 8 шілде күні Шымкент қаласындағы Арбатта өтеді. Іс-шара сағат 18:00-де басталып, сағат 23:00-ге дейін жалғасады. Бұл уақыт Отбасы банктің клиенттеріне ыңғайлы болу үшін таңдалды, яғни олардың әрқайсысы жұмыстан кейін жәрмеңкеге барып, онда ұсынылған тұрғын үймен асықпай таныса алады» -деді спикер.

Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі бір алаңшада Шымкенттің 14 құрылыс компаниясын жинайды.
Олар:

— OKS Development;
— Bi group;
— Батсу;
— Otau group;
— Kanfar.building;
— APT-Курылыс;
— Capital City;
— Сити строй;
— Эристайл;
— 01KZ-building;
— Витрина недвижимости;
— Yassy eco village;
— Управление жилья по г.Шымкент;
— СПК Шымкент.

Осылайша, қала тұрғындары бір жерден құрылыс салушыдан ең өзекті ақпарат пен кеңес ала алады және Отбасы банктің кеңесшілеріне есептеулер жасатып, қолайлы нұсқаны таңдай алады, тіпті 3 млн теңгеге дейінгі жеңілдікке ие бола алады. Егер келуші тұрғын үйді таңдаса және бірден банк кеңесшілерінен кредитке алдын ала мақұлдау алса, онда жеңілдік алуға болады. Ол 15 минут ішінде жасалады.

Сондай-ақ Түркістанның құрылыс салушылары өз нысандарын ұсынады. Іс-шараға қатысушылар арасында Тұрғын үй басқармасының және «Шымкент» ӘКК өкілдері болады.

«Жыл басынан бері Шымкенттегі Отбасы банк қызметкерлері 2 000 азаматқа қарыз берді. Бұл күн сайын 10-15 адамның қолжетімді кредитті рәсімдеп, қоныс тойын тойлайтындығын білдіреді. Шымкент тұрғындары жинақтау және әрі қарай тұрғын үй сатып алу үшін банкте тағы 18 мың жаңа салым ашты. Отбасы банктің жинақтаушы шоттарына деген мұндай сұраныс қарыздар бойынша мөлшерлемелердің қолжетімділігімен түсіндіріледі. Шотта бастапқы жарнаға қаражат жинақтай отырып, біздің клиенттеріміздің тұрғын үй сатып алу үшін 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемелер бойынша әрі қарай кредит алу мүмкіндігі бар,» — деп түсіндірді Отбасы банктің Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесінде Отбасы банк «Kanfar Building» құрылыс компаниясымен меморандумға қол қойды. Ол 30% мөлшеріндегі төмендетілген бастапқы жарнасы бар жаңа бірлескен бағдарламаның басталғандығын білдіреді. Кредит әрі қарай 5%-ға дейін төмендетумен, жылдық 7% (СЖТМ 7,4%-дан бастап) мөлшерлемесі бойынша беріледі.
Әдетте, коммерциялық нарықта тұрғын үй сатып алған кезде, Отбасы банк бастапқы жарнаның 50%-ы болған кезде қарыз береді. Бастапқы жарна сомасын азайту «Kanfar Building» серіктес компаниясының қолдауы арқасында мүмкін болды.
Осы бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға берілетін кредиттің ең жоғары сомасы 90 млн теңгені құрайды, кредит беру мерзімі — 6 айдан 25 жылға дейін. Жаңа шарттар бойынша өтінімдерді қабылдау таяу уақытта басталады.
Жаңа өнім шеңберінде тұрғын үйді Қазақстан тұрғын үй компаниясының (ҚТК) кепілдігі бар «Kanfar Building» тұрғын үй кешендерінен ғана сатып алуға болады. Үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес, сатып алынатын пәтер кепіл болып табылады.

Айта кетейік, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ — елімізде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асырушы жалғыз банк. Банк Еуропалық құрылыс жинақ кассалар федерациясының (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру Одағының мүшесі. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ «Отбасы банк» АҚ-ның жалғыз акционері болып табылады.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Please follow and like us: