56
Вакцина салдыру кезінде ораза бұзылмайды, деп қаланың бас имамы Бақдәулет Абдрахманов Шымкент қалалық №13 емханада коронавирусқа қарсы екпені салдыру кезінде мәлім етті.
– «Рамазан айының алдында вакцинаны салдырып, екінші компоненті оразаға тұспа-тұс келген соң, оны қабылдауға бола ма?» – деген сұрақ көптеп түсті. Осы мәселеге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері пәтуа шығарды. Яғни аталған вакцина адам баласына күш-қуат беретін дәрумен болмағандықтан, оразаны бұзбайды, – деді Б.Абдрахманов.
Бақдәулет Нұрматұлының айтуынша, бір топ имам қасиетті Рамазан айының бірінші күнінде өздерінің және халықтың денсаулығы үшін алаңдап, алдағы уақытта жағдай жақсарсын деген ниетпен вакцина салдыруға келген.
Осы орайда Шымкент қалалық Денсаулық басқармасының басшысы Бақытжан Позилов өз пікірін білдірді.
– Шымкент қаласында 7 сәуірден бастап басқа да санаттағы тұрғындарға жаппай коронавирусқа қарсы вакцина салуды бастадық. Қазіргі таңда қаладағы 38 мемлекеттік және жекеменшік емханаларда вакцина бар. Өткен аптада вакцинаның 30 мың, ал бүгін 30 мың дозасы әкелінді. Бұл ретте халыққа ыңғайлы болуы үшін вакцина егу пунктілерін сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін жүргізіп отырмыз. Яғни ораза ұстаған тұрғындар ауыз ашқан соң, кешкі уақытта екпені салып үлгереді, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Айта кетейік, қала тұрғындары вакцинация бойынша сауалдарға байланысты «109» немесе 39-33-47 нөміріне хабарласуына болады.
Please follow and like us: