82
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Хайрулла Ибодзодамен кездесті. Олар екі ел арасындағы экономикалық, мәдени, гуманитарлық байланысты нығайту мәселелерін талқылады.
Мұрат Әйтенов кездесу барысында Тәжікстан мен Қазақстанның терең тарихы мен ұқсас дәстүрлері тығыз қарым-қатынас орнатуда аса маңыздылыққа ие екенін айтты.
— Өткен жылы ТМД-ның мәдени астанасы эстафетасын Душанбе қаласына бердік. Символ ретінде 2200 кітап пен қызғалтақ, онымен қоса қала тұрғындарының да ыстық ықылас қағаздарын ұсындық. Біздің қарым-қатынастарымыз әрдайым өзара тиімді ынтымақтастық арнасында болды және саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және өзге де салаларда табысты дамып келеді. Шымкент мегаполис статусын алғалы қарқынды даму жолына бағыт алды. Агро аймақтар, логистикалар құрылып жатыр. Біздің басты мақсатымыз — қаламызды халық өміріне қолайлы және бизнес жүргізуге ыңғайлы мегаполиске айналдыру. Оған қол жеткізу үшін Орталық Азиядағы әріптестерімізбен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз, — деді шаһар басшысы.
Өз кезегінде Хайрулло Ибодзода Шымкентте тәжік ұлттық дәмханасын, сауда орындарын салу жөнінде ұсынысын білдірді.
Айта өтсек, 2019 жылы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы екіжақты сауда көлемі $957 млн. АҚШ долларын құраған. Сонымен қатар, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы автомобиль көлігімен экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі жыл сайын өсіп, 16,9 млн тоннаға жеткен.
Кездесу соңында екі тарап тығыз қарым-қатынас орнатуға келісіп, естелік сыйлықтар ұсынды.
Please follow and like us: