ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың
1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік жағдайын арттырудағы бірқатар бастамаға тоқталып өтті. Елдің ішкі-сыртқы саясатында маңызды саналатын дін саласында атқарылған жұмыстар бойынша Шымкент қалалық Дін істері басқармасының басшысы Әлжан Тұяқбаев тікелей эфирде сұхбат берді.
– Бүгінде қалада 137 діни ғимарат, 11 діни конфессия тіркелген. Біз тіркелген барлық діни бірлестікпен сындарлы диалог және әріптестік ынтымақтастық орната алдық. Яғни, діни қызметтің барлық субъектілері 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша жұмыс істеуде. Дін саласында мемлекеттік саясатты іске асыру үш бағытта жүргізілуде. Олар: мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайту; жаңадан құрылған дін қайраткерлерінің клубы шеңберінде мемлекеттік-конфессиялық өзара іс-қимылға байланысты мәселелерді талқылау және қоғамда радикалды идеологияның таралуына жол бермеу, – деді Әлжан Әлішерұлы.
Спикердің сөзінше, басқарма атаулы профилактикалық және оңалту жұмысын ұйымдастырудың тәсілдері мен тетіктерін үнемі жетілдіріп отырады. Атаулы алдын алу жұмыстары «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» теологтарының күшімен жүргізіледі.
Айта кетейік, еліміздегі карантин режиміне байланысты дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстары онлайн форматта ұйымдастырылуда.