599
Шымкентте азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының (ӘМАТ) баға тұрақтылығын қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес. Бұл тауарлар сауда нысандарына берілген қаражат есебінен қаладағы 115 сауда орнында белгіленген ортақ бағада сатылып келеді. Оның ішінде Грамад желісінің – 24, Магнумның – 31, ет өнімдерінің – 10 сауда нүктесі болса, 45-і үй маңындағы дүкендер. Сондай-ақ, 5 жылжымалы көкөніс нүктесі бар. Бұл туралы Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы хабарлап отыр.
Биыл мегаполисте әлеуметтік сауда орындарының санын көбейту жоспарланған.
«Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және жергілікті тауар өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыру мақсатында арнайы келісімшарт түзілген. Олардың қатарында ұн, жұмыртқа, нан және ет өнімдері бар. Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасы өсімінің алдын алу мақсатында форвардтық келісімшарт жасалған. Сондай-ақ, қала тұрғындарын нарықтан 10-15% төмен бағада азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Тұрғындар көп шоғырланатын 9 нүктеде өтетін шараға жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтар атсалысып жүр», — дейді мамандар.
Айта кетейік, мамандар Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасының тұрақтылығы бақылауда екенін алға тартты.
Please follow and like us: