«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша Тұран шағын ауданындағы кредиттік тұрғын үйлердің 1 және 2-кезеңдегі конкурсына қатысқан азаматтармен сатып алу туралы келісімшарттарды рәсімдеу жұмыстары басталды.
1 және 2-кезең бойынша конкурстан өтіп мақұлданған 568 азаматтың сатып алу келісімшарты дайын, оның ішінде қазір 70 азамат келісімшарт түзіп, тіркеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған несиелік бағыттағы пәтерлер толығымен тұрғын үй басқармасының теңгеріміне тіркелген.
Азаматтар сатып алу келісімшартын рәсімдегеннен кейін осы жылға әлеуметтік көмек ретінде берілетін тұрғын үй сертификатын алу талаптарына сай келген жағдайда, ипотекалық қарыз шартын беруді мақұлдау туралы банктің хабарлама хатын ұсынып, өтінім беру мүмкіндігі бар.
Нәтижесінде Шымкент қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шаңырақ» бағытымен тұрғын үй кезегінде тұрған 1728 азамат несиелік баспанаға қол жеткізеді.