Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарҚоғам

ҚР ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ МАҚТААРАЛДЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

75қаралым

ҚР Парламенті сенатының депутаттары Әли Бектаев, Әлімжан Құртаев және мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен ауылдарды аралап, жергілікті тұрғындардың қазіргі жағдайымен танысты.


Сенаторлар алдымен төтенше жағдайға байланысты облыстық штабтың орталықтандырылған қоймасына ат басын бұрды. Ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып шыққан депутаттар халыққа жанашырлықпен көмектесіп жүрген азаматтарға алғыстарын білдіріп, істеріне сәттілік тіледі.
Жалпы бүгінге дейін қоймаға еліміздің барлық облыстарынан 620 тоннадан астам тауар келіп түскен. Оның қазірдің өзінде 220 тоннаға жуығы эвакуациялық пунктерде уақытша орналасқан азаматтарға үлестіріліп берілген. Қоймада азық-түліктен басқа, жеке бас гигиенасына арналған заттар, киім-кешектер, тұрмыстық техникалар да сақталуда. Мақтаарал халқына жәрдем ретінде еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан гуманитарлық көмекпен бірге құрылыс материалдары да көптеп жеткізіліп жатқанын айта кету керек.
«Ауылдарын топан су шайып, қиындыққа душар болған мақтааралдықтардың мәселесі бізді де қатты толғандырды. Десек те, Елбасымыз, Президентіміз, «Nur Otan» партиясы, облыс әкімдігі және бүкіл облыстар барынша көмек қолын созып, Мырзашөл халқымен бірге екенін танытып жатыр. Алдағы 1-2 айда жаңа үйлер бой көтеріп, егін, мал шығындары толық төленіп, бұл қиындықтарды да еңсеретінімізге сенімдіміз. Бізде сенат депутаттары ретінде мақтааралдықтарға қашанда қолдау білдіруге дайынбыз», – деді Әли Бектаев.
Сапары барысында депутаттар топан суда қалған Өргебас және Фирдоуси ауылдарына да арнайы барып, сондағы тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Қазіргі таңда арнайы мамандардың көмегімен ауылдарды судан тазарту жұмыстары жалғасуда. Апаттың зардаптарын жоюға Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарындағы Төтенше жағдай департаменттерінен қосымша күш тартылған. Бұл жұмыстарға жалпы 37 техника, 102 насос, 1494 маман жұмылдырылған. Бүгінге дейін ауылдарды басып қалған судың 10 мың тоннасы насос арқылы қауіпсіз аймаққа шығарылған.
Сондай-ақ, халық қалаулылары жаңадан бой көтеріп жатқан елдімекенде болып, құрылыс жұмыстарымен де танысты. Топан суда қалған Жаңатұрмыс, Жеңіс, Достық ауылдарын басқа жерге қоныстандыру үшін Мырзакент кентінен жалпы 160 гектар аумаққа 505 үй салынуда.


Сапар соңында депутаттар Атакент кенті мен Мақтаарал ауылдық округіндегі №14 колледжі мен №42 жалпы орта мектебіндегі эвакуациялық бекеттерінде уақытша орналасқан тұрғындармен кездесіп, олардың да бүгінгі жай-күйімен танысты. Тұрғындар өз кезегінде осындай қиын-қыстау кезеңде бар көмегін аямаған Үкімет пен облыс басшылығына және барша қазақстандықтарға шынайы алғыстарын білдірді.

Please follow and like us: