Яндекс.Метрика
ЖаңалықтарКөкейтестіҚоғамМәселе

Қазақстан Өзбекстандағы Сардоба су қоймасына техникалық аудит жасауға қатысады

81қаралым

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі басшысы Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстан Республикасы Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен кездесті.

Қос мемлекет басшылары Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиеевтің жуырдағы келіссөздері кезінде қол жеткізілген уағдаластықты іске асыру үшін Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су шаруашылығындағы кең ауқымды маңызды мəселелерді талқылады.

Кездесудің басты тақырыбының бірі — Сардоба су қоймасының тағдыры.

Қазақстанның Экология министрлігі басшысы М. Мырзағалиев кездесу кезінде дамбаның жарылуы Өзбекстан мен Қазақстан аумағындағы су басқан аймақта тұратын халыққа зор экономикалық зардап келтіргенін атап өтті.

«Келіссөздер барысында біз халықаралық ұйымдардың, қазақстандық сарапшылардың көмегімен Сардоба су қоймасына техникалық аудит жасау туралы бірлескен шешім қабылдадық. Оның қорытындысында бұл нысанның одан арғы тағдыры туралы шешім шығарылады», — деді Қазақстанның Экология министрлігі басшысы.

Тараптар трансшекаралық су нысандарын бірлесе басқару, пайдалану жəне қорғау туралы Үкіметаралық келісімді əзірлеп, оған қол қоюға уағдаласты.

Кездесу барысында Тараптар ағымдағы жылғы 15 маусымға дейін су байланысы саласындағы ынтымақтастық мəселесі жөніндегі Жол картасын əзірлеп, бекітуге келісті.

«Негізгі су шаруашылығы жерлеріндегі су жиналуды мониторингілеу жəне бақылау үшін бірлескен жұмыс тобын ұйымдастыру туралы шешімге қол жеткізілді», — деді М.Мырзағалиев.

Кездесуге қатысушылар Сырдария өзені су ресурстарының су шаруашылық балансы бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуге келісіп, Қарадария мен Шыршық өзендерінен су алу лимиті мəселесін одан арғы талқылаудың мүмкіндігін қарастырды.

Please follow and like us: