Яндекс.Метрика
Жаңалықтар

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ КЕҢЕСІ БЮРОСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

61қаралым
Жиында Елбасы соңғы бес жыл ішінде партия өзінің сайлау алдында берген уәделерінің басым бөлігін орындағанын атап өтті.
– Фракция отырысында «Nur Otan» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы Үкіметтің есебі тыңдалды. Пандемияға және соған байланысты әлемдік экономиканың 4,4 процентке, кейбір дамыған елдерде 10 процентке құлдырағанына қарамастан, біз тиімді жұмыстың және Ұлттық қор қаражатының арқасында мұндай күрделі жағдайларды айналып өте білдік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті соңғы бір жылдың ішінде партия жұмысын қайта жандандыру бағытында ауқымды жүйелі жұмыс атқарылғанын атап өтті.
– Біз алғаш рет праймериз өткіздік. Соның нәтижесінде аудан, қала және облыс деңгейіндегі іріктеулерден өткен 77 кандидат Саяси кеңестің шешімімен Съезге ұсынылып отыр. Бүгін праймериз тәртібіне сәйкес, қалған 49 кандидатты орталық квота бойынша партиялық тізімге қосу жөнінде шешім қабылдаймыз. Халықтың қатысуымен 216 өңірлік сайлауалды бағдарлама жан-жақты талқыланып, қабылданды. Онда жұртшылық тарапынан келіп түскен 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді, – деді партия Төрағасы.
Сондай-ақ Елбасы праймеризге қатысушылар мен онда жеңіске жеткен азаматтарға тоқталды.
– Праймеризге қатысушылардың үштен бір бөлігі және партиялық тізімге енген әрбір бесінші адам – жастар өкілі. Партиялық тізімнің 30 процентін әйелдер құрайды. Сонымен бірге партия тізімдерінде көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, бизнес өкілдері, жұмысшылар мен қызметкерлер бар. Праймеризге қатысқан партияның әрбір үшінші жаңа мүшесі жеңіске жетті. Осылайша, біз «Nur Otan» партиясының жұмысын жүйелі түрде қайта жандандыруды аяқтадық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Бюро мен Саяси кеңес отырыстарының нәтижесінде 126 кандидаттан құралған тізім «Nur Otan» партиясының ХХ съезіне ұсынылады.
Please follow and like us: