Бүгін Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс- шара өтті. Бүгіндері қаламыздың мәдениет саласындағы 21 мекемеде 2000-ға жуық маман ұлттың рухани және мәдени интеллектуалдық деңгейін көтеруге, халқымыздың салт-дәстүрлерін сақтауда бар күш-жігерлерін жұмылдырып қызмет етіп келеді.
Мерекелік іс шара театр алдында мәдениет мекемелерінің далалық көрме инсталациясының таныстырылымымен басталды. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихы, мәдениеті, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен айқындалады. Сондықтан бұл мерекелік басқосуда ең алдымен ел мәдениетінің алтын қорына үлес қосып келе жатқан шымкенттік бір топ майталмандар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісі және Алғыс хатымен марапатталды.
Кеш соңында көрерменге «Оркестрлер шеруі» музыкалық композициясы тарту етілді.
Концертте «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы Қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, халықаралық байқаулардың лауреаты Жамбыл Мейірбеков, Шымкент қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің дирижері Мәди Өмірзақ, «Шымкент Цирк» мекемесінің эстрадалық оркестрі көркемдік жетекшісі және дирижері Жандос Аппазов, солистер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхаммедқызы, Қазақстан мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова, эстрадалық оркестр әншісі Диана Хашимханова өнер көрсетті.